Түркістан облысының бағбандары лимон жинап жатыр

Түркістан облысының бағбандары лимон жинап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізінен Үндістан мен Қытайда өсетін цитрустық жемісті оңтүстіктің шаруалары жылыжайда жерсіндірген. Қазір лимон бағы бірнеше ауданда бар. Тропикалық жеміске сұраныс көп. Өз жерімізде өскен лимон дәмін арна тілшісі Нұрбек Байбосын татып көрді.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Бұл лимон тропикалық аймақта емес, Ордабасы ауданында өсірілген. Бағбандар цитрустық жемісті жерсіндіру үшін біраз тер төккен. Енді міне, алғашқы өнімін ала бастады. Тіпті тонналап өнім алуды да жолға қойған. Мұндағы температура +22 градус. Лимонға дәл осындай жылылық керек. Табысты кәсіптің көзін тапқандардың бірі Изаттулла Ибрагимов. Бұрын ол автомеханик болып еңбек етіпті. Қазір жылыжай шаруашылығына ден қойған.

Цитрустық жемісті баптау үшін аса төзімділік қажет. Мұны бағбандар жақсы біледі. Изатулла да осыдан үш жыл бұрын тәжірибе ретінде лимон өсіруді қолға алған. Қазір қызанақ пен қияр егуді қойып, біржола лимон өсіруге көшкен.

Изаттула Ибрагимов, бағбан:

-Біздің Қазақстанда бұл өніммен айналысып жатқандар аз. Негізінен шеттен алып келеді. Ол Өзбекстан, Тәжікстан. Біз мынау ішкі базарымызды өз өнімімізбен қамтамасыз етсек дейміз. Қазір осы Шымкенттің базарында сатылып жатыр. Құдай қаласа, өнім көбейіп, көп болғанда шеткі базарларға экспорт жасауға мүмкіншілігіміз болады.

Лимонарий салу қыруар қаржыны талап етеді. Ауданда аталған кәсіп түріне қызығушылар да жетерлік. Дегенмен де, лимон өсіруге мемлекет тарапынан субсидия қарастырылмаған. Сонда да болса, жергілікті билік жылыжай саламын дегендерге қолдан келгенше жағдай жасамақ.

Керімжан Әбдеш, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Алдағы уақытта үй іргелік жерлерге дәл осындай жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол мақсатта Шұбарсу ауыл округінде 66 участке бөлінейін деп отыр әрқайсысы 15 соттықтан. Әрі қарай әр отбасы өз есік алдына осылай қылып, шаруашылықтарын дамыта алады.

Ісін ілгерілетуді қалайтын шаруа «жылыжайында тек лимон өсірумен шектелмеймін», дейді. Көп ұзамай анар мен алма ағашынан да өнім алмақ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов