424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда тұрғын үйлердегі жеделсатылардың 60% астамы тозып тұр

  • 192
  • UPD: 09:07, 05.01.2021

Көбінің қолдану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткендіктен адам өміріне аса қауіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан келер жылы олардың басым бөлігін тоқтатуға тура келеді дейді сала мамандары.

Ал көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына қатысуға құлықсыз. Бұл бағдарламаның көмегімен тек жеделсатыны ғана емес, үйдің шатыры мен кіреберісін де жөндеп алуға болар еді.

Рафаэль Махмудов соңғы 10 жылда қаладағы 30 шақты жеделсатыны ауыстырып, ескілеріне жөндеу жүргізіп келе жатқанын айтады. Жалпы жеделсатының қолдану мерзімі 25 жылдан аспауы керек. Одан асса адам өміріне қауіп төндіреді. Мәселен, мына 9 қабатты үйдің жеделсатысы биыл күзде ауыстырылыпты. Былай жақсы жұмыс істеп тұрды. Бірақ ескінің аты ескі ғой, тоқтап қалғанын күтпей, жаңасын орнатқанды жөн көрдік дейді тұрғындар.  

Галина Карабанова, үй тұрғыны:

- Мен осы шаруамен айналысып жүрмін, кезінде «Горлифт» мекемесі жабылған соң жеделсатылардың көбі мүлде тұрып қалды ғой. Дегенмен саланы жаңғырту бағдарламасы іске қосылғаннан кейін сең қозғалды. Біздің үйге де жаңа жеделсаты орнатты. Қазір жақсы болды, жеделсаты кідіріссіз жұмыс істеп тұр.

Мәселені оң шешудің бірден-бір жолы – мемлекеттік бағдарламаға қатысу. Бірақ ол тұрғындардың бастамасымен ғана жүзеге асатын іс дейді шаруашылық өкілдері. Мысалы, қала орталығындағы мына 9 қабатты үйдің тұрғындары жыл сайын техникалық байқау мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы жинап тұрады.

Рафаэль Махмудов, механик:

- Ескі жеделсатылар жиі істен шығады. Жақында электр қозғалтқышы жанып кетті. Өткенде жертөледе құбыр жарылып, будың бәрі жоғарыға көтерілді. Енді міне соны оңдап, тазартып әлекке түсіп жатырмыз. Барынша жөндеп қоюға тырсамыз, бірақ қолдану мерзімі өтіп кеткен соң бәрібір жаңасына ауыстырмаса болмайды. 

Сара  Сұлтанова, үй тұрғыны:

- Мүмкін тұрғындар арасында ауызбіршілік жоқ немесе жеделсаты мен шатырды жөндеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаға сенбейтін болар. Олай болған күнде тек өз күшімізбен жасауға тура келеді.Бірақ ол мүмкін емес нәрсе. Менің кішкентай балам бар, мынадай жеделсатымен жүру өте қауіпті. Өзім де қорқамын.

Қаладағы көпқабатты үйлердегі жеделсатылардың дені өткен ғасырдың 70 жылдары орнатылған. Қазір олардың көбін тоқтатуға тура келді. 

Әліби  Айталиев, жеделсаты шаруашылығы кәсіпорнының директоры:

- Қазір қаладағы жеделсатылардың жағдайы мәз емес. 60 процентке жуығын ауыстыру керек. Өйткені олардың қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Бірақ 30 жылдан асып кеткен лифттер бар. Кейбірі әлі де жұмыс істеп тұр, тоқтап тұрғандар қаншама. Қазір үкіметтің арнайы бағдарламасы арқылы ауыстыруға жақсы мүмкіндік бар. Мұны енді халық өзара келісіп, шешу керек.

Қыдырғали Жорасов, ТҮКШ бағдарламасын жүзеге асырушы оператор кәсіпорынның бас инженері:

- 9 қабатты үй тұрғындары үшін айына шамамен 4800-4900 теңгеге шығады. Бұл жерде ешқандай процент қосылмайды. Сонда әр пәтерге орта есеппен 300-400 мың теңгеден келеді. Олар 8 жыл бойы бізге төлеп тұруы тиіс, өйткені бұл мемлекеттің қаржысы.

Жеделсатыны ауыстыру әр кіреберістегі тұрғындар үшін шамамен 11 миллион теңгеге шығады екен. Ол үшін пәтер иелері өзара жиналып, хаттама мен сауалнама парағын толтыруы тиіс. Кейін бағдарлама операторымен келісімшарт жасасып, су жаңа жеделсаты орнатып алуға мүмкіндік бар. Тек бұған осы істі ұйымдастыратын жауапкершілігі жоғары тұрғын табылса жетіп жатыр дейді сала мамандары.    

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы