Кентауда жаңа емхана ашылды

Кентауда жаңа емхана ашылды

Түркістан облысының Кентау қаласында жаңа емхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық емхана жедел жәрдем станциясымен қоса есептегенде тәулігіне 500 науқасқа көмек көрсете алады. Соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған медициналық орталық облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Жоба құны 838 млн теңге. Бүгінгі күні емханада амбулаторлық, алғашқы медициналық, коронавирус инфекциясы бойынша сүзгі бөлімі және жедел жәрдем орталығы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар мұнда 248 дәрігер мен 906 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жаңа орталық тек Кентау қаласына ғана емес, көршілес ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жаңа емхана қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда сандық рентген аппараты, ультрадыбыстық және физиологиялық аппараттар орналасқан. Мамандарымыз да жеткілікті. Сонымен қатар емханада 32 мобильді топ құрылған. Кентау қалалық емханасы бұрын ескі ғимаратта отырған болатын.