Маңғыстау облысында жолға ірі қара малдың кескіні орнатылды

Маңғыстау облысының тас жолдарына жаппай түйе мен жылқының сұлбасы орнатылып жатыр.

Жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция қызметкерлері осындай шешімге келген. Себебі жол апаты көбіне жүргізушілердің жылдамдықты асыруымен қатар иесіз малдың кесірінен болады. Мәселен, былтыр содан 12 жол апаты тіркелген. 21 адам жараланып, 4 жолаушы көз жұмды. Түйе мен жылқы кескіндері алыстан тірі малға ұқсайды. Жүргізушілер жақындаған кезде ғана олардың жай макет екенін түсінеді. Алдағы уақытта түнде анығырақ көріну үшін қосымша жарық шағылыстырғыш белгілер де қойылады. 

Білімғали Сұлтанов, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

- Көлемі де, бет-бедері де дәл жануарларға ұқсас. Айырмашылығы жоқ. Және оған жарықтандырғыш, яғни отражатель қосымша орнатылды. Жүргізушінің жылдамдығын төмендету мақсатында орнатылды. Жүргізушілер автокөлікпен келе жатып, тас жол бойындағы малдың бедерін байқаған жағдайда жылдамдықты төмендетіп, жол апатының алдын алуға негізделген.