Жамбыл облысында төрт ауылдың су мәселесі шешілді

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында 4 ауылда ауыз су мәселесі шешілді. Құмарық, Жарлысу, Тасшолақ және Әбжапар елді мекендерінде бұл проблема халықты қажытып тұр еді. Бұл ауылдарда орталықтандырылған  сапалы су бұрын-соңды болмаған. Жергілікті жұрт бұған дейін құдық пен арықтан аққан суды тасып ішіп отырған. Енді бұл қиындықтар жаңа жылдан бастап артта қалды. 

Кіргізіп жатыр. Кіргізіп жатыр ғой бәрі. Су ақты енді шетінен кіргізеді, кіргізеді. 

Тасшолақ ауылының халқы тау суын ішіп келген. 600-ге тарта адам тұратын елді мекенде ауыз су ұзақ жылдан бергі проблема еді. Жұрт мәселені жиын сайын көтеріп келсе де түйткілдің түйіні шешілмеген болатын. 2020 жылы мемлекеттің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, көпшіліктің тілегі орындалды.

Жұмабек Байсақов, Тасшолақ ауылының тұрғыны:

- Анау Казармадан тасығанбыз. Анау пойыз жолдың арғы жағында. Тачкамен әйтеуір. Менің балаларым флягпен өскен. Ал енді Құдайға шүкір. Енді жақсы. Рақмет мына жігіттерге. Көктемде газ келеді. Болды енді қалғаны не керек бұдан артық.

Арықтың суымен тіршілік еткен Әбжапар ауылының да проблемасы шешілді. 600 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, су жүйесі жүргізілді. Қазір мамандар ауыл ішіндегі құбырларға су жіберіп, тексеріп көріп жатыр.  Ең бастысы, ауыл тұрғындары ерекше қуанып жүр. 

Отыншы Байбұланов, Әбжапар ауылының тұрғыны:

- Қазір үйге дейін келіп тұр ғой. Заборға дейін келіп тұр. Одан әрі қарата өздеріңіз істейсіздер деген. Оны ағызсаң ағады ғой. Жалғанған жоқ қой бәрі. Бірақ трубаға су келіп тұр. Ауыл қуанып жатыр.

Мұхамеджан Орынбаев, мердігер:

- Жүргізіліп жатқан жұмыс қазір абаттандыру. Қалған негізгі жұмыстардың бәрін бітіріп қойдық. Поселоктың ішіндегі құбырлардың бәрі бітті. Кеше бүгін суды жіберіп көріп жатырмыз. Кейбір жерден су аққан жерлерін істеп жатырмыз. 

Тұрар Рысқұлов ауданында 42 елді мекен бар. Оның 26-сы таза ауыз сумен қамтылған. Қазір ауданда Әбжапар, Тасшолақ, Байтелі және Жарлысудан бөлек тағы 4 ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жұмысы толық бітсе ауыз сумен қамтылу көрсеткіші артады.

Ерболат Садырқұлов, тұрар Рысқұлов ауданының әкімі:

- Елді мекеннің санымен санасақ пайызы төмендеу болады. Себебі 50 адамнан аз тұратын ауылдар  бар. Олар да бір-бір ауыл болып есептеледі. Ал жалпы халықтың санымен санағанда бізде 88 пайыз қамтамасыз етілген. Егер қазіргі құрылысы жүргізіліп жатқан елдімекендердің құрылысы толық аяқталатын болса 90 пайыздың үстіне шығатын боламыз.  

Айта кету керек, Тұрар Рысқұлов ауданында  газдандыру мәселесі де өзекті. Биыл 9 ауылға табиғи газ тарту жоспарда. Жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазірдің өзінде магистральді құбырлар  тартылып 5 ауылдың маңына келіп тұр. Жуырда ауылішілік жұмыстар басталады. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә