Петропавлда пробация қызметінде есепте тұрғандарға биосканер орнатылды

Петропавлда пробация қызметінде есепте тұрғандарға биосканер орнатылды

Петропавлда пробациялық бақылауда тұрған азаматтар бұдан былай биометриялық сканерден өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ведомство мамандары бұрынғыдай уақыттарын жұмсап, қағазбастылықпен айналыспайды. Ғимараттың кіреберісіне электрондық құрылғы орнатылды. Қоғамнан оқшаулаусыз жазасын өтеп жатқандар  саусағын қондырғыға қойса болғаны, оған қатысты барлық ақпарат дерекқор базасына автоматты түрде түсіп, сақталады. Қазір шаһарда 400-ге жуық азамат тіркеуде тұр. Оның 100-і базаға енгізілді. Пилоттық жоба енді аудандарда да қолданысқа енгізіледі.

Руслан Жүсіпов, облыстық ҚАЖД пробация қызметі бөлімшесінің бастығы:

- Бұрын дәлізде ұзын-сонар кезек қалыптасатын. Әр азамат жоқ дегенде бір сағат уақытын бөлімшеде өткізетін. Жаңашылдықтың арқасында бар шаруаны 15 минутта тындыруға болады. Инспекторларға да өте ыңғайлы. Себебі қағаз толтырып отырмайды. Барлығы электронды түрде. Сәтін салса, болашақта осындай сканерлерді  тағы бес ауданда орнатуды жоспарлап отырмыз.