ШҚО-да боранда жолда қалып қойған жолаушылар құтқарылды

ШҚО-да боранда жолда қалып қойған жолаушылар құтқарылды

Жарма ауданында екі тұрғын Алматы-Өскемен тас жолымен келе жатып, көліктері сынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға орнына шұғыл жеткен төтеншеліктер оларды қауіпсіз жерге жеткізді. Ал түнгі бір шамасында Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылынан 10 шақырым жерде 3 адам көлігімен бірге қарға көміліп қалған. Аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары дереу оларға көмекке аттанып, қауіпсіз жерге алып шықты. Құтқару шарасына жергілікті шаруа қожалықтарының екі тракторы да атсалысып, жолды қардан тазалаған. Бұған дейін құтқарушылар Шығыс Қазақстан бойынша желдің жылдамдығы секундына 15-25 метрге дейін жетіп, боран соғатыны туралы дауылдық ескерту жасаған болатын.

Кұрмаш Даиров, Шемонаиха аудандық ТЖБ басшысы:

– Қанша рет ескерту жасап жатсақ та, оны елемейтіндер жоқ емес. Өткен түнде біздің ауданның тұрғындары балыққа барамыз деп жолда қалған. 112 желісіне қоңырау түскен бетте көмекке ұмтылдық. Абырой болғанда барлығы дін аман құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.