Карантин кезінде республикалық оқу-сауықтыру орталықтарының жұмысына рұқсат берілген

Қазір еліміз бойынша балалар демалыс орындарынан тек республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына ғана жұмыс істеуге рұқсат беріліп отыр. Оның өзінде олар тек сол нысан орналасқан өңірдің оқушыларын ғана қабылдай алады. Осындай орталықтың бірі Бурабайда орналасқан. 

Бұл Ақмола облысының Ерейментау ауданынан келген балалар. Жаңа жылдың алғашқы ауысымын ашып отырған оларға да барлық жердегідей термометриядан өтуге тура келеді. Тиісті тексерістер біткен соң демалушылар топ-топқа бөлінеді. Ал жасақтар қазір бұрынғыдай 30 шақты емес, 18 баладан құралады.

Дархан Әлімов, тәрбие кешені директорының міндетін атқарушы:

- Карантиндегі демалыстың тағы бір айырмашылығы, біз қазір көпшілік мәдени іс-шараларды мүлдем өткізе алмаймыз. Сондықтан бағдарламаны биыл басқаша әзірледік. Яғни қандай ойын немесе дәріс болмасын тек жеке-жеке әр жасақтың өз ішінде ұйымдастырылады. 

Бұл ауысымға балалар үйінің тәрбиеленушілері, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың ұл-қыздары жиналды. Карантиндегі демалыстың тағы бір ерекшелігі – олар әдеттегідей бір бөлмеде 7-8-ден емес, қазір ары кетсе 4 адамнан жайғасады. Ал сабақта бір адамнан отырады. Шектеулердің көптігіне қарамастан Бурабайға демалуға келген балалардың қуанышында шек жоқ.

Еркебұлан Мусин, оқушы:

- Мен бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Мен мұнда келгенде көп балаларды көріп, достасып та үлгердім. Маған мектептен жолдама берді, 20 күнге.

Виктория Путилова, оқушы:

- Мен мұнда бірінші рет келіп отырмын. Бірақ, бұрыннан армандадым. Міне, биыл сол арманым орындалды. Мұнда баланың бойындағы жасырынып жатқан шығармашылық қасиеттерін жақсы дамытады деп естідім. Демалысымыз көңілді өтеді деген ойдамын. 

Мұнда да әрбір жерге антисептиктер қойылған. Ал балалардың санитарлық талаптарды сақтауын тәрбиешілері қадағалайды. Тіпті асханаға да қазір бұрынғыдай топырлап баруға болмайды. Әр жасақтың белгіленген өз уақыты бар. Ал ең бастысы, оларға күні бойы маска тағып жүруге тура келеді.

«Бірақ мұның барлығы демалушылардың көңіл-күйіне әсер етпейді», - дейді мұндағылар.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко