Павлодарлық оқушы қазақ тіліндегі қолжазбаларды танитын бағдарлама ойлап тапты

Павлодарда 11-сынып оқушысы қазақ тілінде жазылған қолжазбаларды танитын бағдарлама ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мобильді қосымша қолжазба түрінде сақталған кез келген құжатты электронды форматқа ауыстырады. Қазір жоба толық аяқталуға жақын. Кейін бұқараға таратылмақ.

«Жас дарын» мамандандырылған мектебінің оқушысы Алар Берікұлы бағдарламаны карантин кезінде жазған. Қолжазбаларды танып-білетін мобильді қосымшаны әзірлеуге небәрі екі ай жұмсаған.

Алар Берікұлы, оқушы:

– Қосымша алдымен қара-ақ түсті жазбаның бастапқы бейнесін таниды. Кейін белгілердің сегменттерін, яғни сөздері әріптерді таниды. Кейін әріптер 32:32 (отыз екі де отыз екі) көлеміне ауыстырып, белгілерді нейронды желіге түсіреді. Нәтижесінде дайын сөз көрінеді. 

Бүгінгі күні бағдарлама тек сынақ жүзінде қолданысқа енгізілген. Алдағы уақытта итерфейсі жетілдіріліп, ұялы телефон платформаларында қолжетімді болмақ. Бірегей бағдарлама ең түсініксіз жазбаны да оқи алады.

Айдар Шайхимов, ақпараттандыру пәнінің мұғалімі:

– Оңай жағы қалды, қиын жағын біз өткіздік. Енді оңай жағын бітіреміз де, толық комплект, бағдарламалық қосымша ретінде бұқараға таратуға дайын боламыз. Қуаттылығы компьютер немесе ұялы телефонның күшіне байланысты.

Бағдарламаны әзірлеуге жергілікті кәсіби мамандар көмекке келді. Өңірде қазақ қолжазбаларын оқитын қосымшаны әзірлеумен бұрын-соңды ешкім айналыспаған. Бұл мәселе де шешімін тапты.

Дария Әбікенова, ғылыми кеңесші:

– Оқушы қолданған нейронды желілер бойынша маманданған программистер мүлдем жоқ. Оларды іздеп-табу қиынға соқты. Сондықтан екі ай ішінде ғылыми материалдар зерттелді. Нәтижесінде бағдарлама жазылды. Өз тарапымыздан қазақ тіліндегі мұрағаттық қолжазбаларды цифрлық форматқа ауыстыруға үлесімізді қосамыз деген ойдамыз.

Бүгінде білім ордасының кітапханасында 26 мыңнан астам әдебиет қоры бар. Құнды деректердің қатарындағы қолжазба құжаттар мыңдап саналады. Бірінші кезекте қосымшаның көмегімен мектепте 20 жыл бойы жиналған қолжазбалар цифландырылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат