429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

М.Әшімбаев: Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет

  • 229
  • UPD: 12:28, 14.01.2021
М.Әшімбаев: Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет

Сенаттың 2021 жылғы алғашқы отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«Сайлаудың қорытындылары жарияланды. Халқымыз белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Сайлау заң аясында және халықаралық стандартарға сай өтті. Шетелдік сарапшылар мен халықаралық байқаушылар да жоғары баға беруде. Мемлекет басшысының бірқатар саяси реформасы алғаш рет осы сайлауда іске асырылғанына куә болдық», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы тәуелсіздіктің 30 жылдығында Парламент алдында Елбасы мен ел Президенті белгілеген маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оларды тиімді іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен бірлесе отырып сапалы заңдар қабылдауға тиіс.

Отырыс барысында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген екі заң жобасы қаралып, қабылданды.

Олардың бірінде ауыл тұрғындарына арналған су тарифін төмендету көзделіп отыр. Оған субсидия алу жөніндегі рәсімдерді оңтайландыру есебінен де қол жеткізілуге тиіс. Ал осы тарифтердің өзі енді нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып айқындалуы тиіс.

Мұндай жаңалықтар «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған. Құжат бүгін екі оқылымда қабылданды.

«Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Депутаттар бастамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні айқын», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттар жылжымайтын мүлікке құқықтарды уақтылы тіркемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды ұсынды. Енді бұдан былай мұндай кешігу орыналғанда адамдар жазаға тартылмайды және айыппұл салынбайтын болды. Сонымен қатар жер учаскесіне құжаттарды рәсімдеу және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі. Осылайша, адамдарға осы мемлекеттік қызметтерді алу оңайырақ болады. Бұл жаңашылдықтар депутаттар қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда жазылған.

Хабар 24 телеарнасы