Ақмолалық кәсіпкерлер аймақ тұрғындарына 6 млрд теңгеден астам демеушілік көмек көрсеткен

Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жиынтығын әперуден бастап, маска мен антисептик тарату, қаржылай көмектесу және әлеуметтік нысандар салу секілді қайырымдылық жасаған.

Соңғы жылдары жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар көбейіп келеді. 

Бинемандар отбасы жас болса да, көпбалалы. Оларға жақында ғана жергілікті серіктестік, 3 бөлмелі үй тарту етті. Себебі отағасы сол шаруашылықта жұмыс істейді. Ал әйелі үйде бала тәрбиесімен айналысады. Жаңа үйге қол жеткізген бұл отбасының қуанышында шек жоқ.

Анна Бинеман, Капитоновка ауылының тұрғыны:

- Бізге пәтерді көпбалалы отбасы деп берді. Оның үстіне бұрынғы баспанамыз өте ескі еді. Қыста суық болатын. Ал мұнда жылы әрі жайлы. Үйдің өзі балабақша мен мектепке жақын орналасқан. Жолдасымның жұмысы да 5 минуттық жерде. Өзімізге өте ұнайды.

Компания соңғы жылдары дәл осылай 20 шақты отбасыны баспанамен қамтамасыз еткен. Тіпті, олардың қысқы отын-көмірі мен соғымына дейін көмектеседі дейді мұндағылар. Елді мекендегі әлеуметтік нысандар да ауылдың әлеуетін ойлаған шаруашылықтың қамқорлығында. Мәселен, мектептің асханасына күнделікті азық-түлік жеткізіп беруді олар өз мойнына алған.

Гүлжазира Оңалбаева, мектеп мұғалімі:

- Кезекті жөндеу жұмысына да көмектесіп отырады. Материалдық-базалық көмек өте жоғары. Сонымен қатар біздің мектебімізде мұражай бөлмесі ашылды. Барлық жөндеу жұмыстарын осы ЖШС істеп берді. Даладағы ойын алаңын жасап берді. Балаларға барлық жағдай жасалған. Су жоқ кезде біздің мектебімізге суды жеткізіп беріп отырды.

Су демекші, ауылға өткен жылы тартылған тіршілік нәрінің жобалық сметалық құжаттарын да аталған серіктестік жасатып, оған қажетті 12 млн теңгені де төлеген. Ал ең бастысы, ауыл шаруашылығы кәсіпорны жергілікті халықтың 70 процентін, яғни 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал олардың еңбекақысы орта есеппен алғанда 220 мың теңге дейді мұндағы мамандар.

Светлана Жилавская, серіктестіктің бас экономисі:

- Біз жол жөндеу жұмыстарына да атсалыстық. Жыл сайын қыста көшелерді қардан тазалауға арнайы техника шығарамыз. Спорт алаңқайын салуға және көшені жарықтандыруға да қол ұшын создық. Жалпы 2020 жылы көлікпен немесе басқа да қажеттіліктермен жасалған жәрдемді қоспағанда ауылға 9 млн теңгеден астам демеушілік көмек жасадық.

Серіктестік басшылығы мұнымен тоқтамаймыз дейді. Келешекте ауылдан наубайхана мен дәмхана салуды көздейді. Ал биыл 8 пәтерлік тағы екі үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Одан бөлек жақында ауылдық мәдениет үйінен жасақталған жаттығу залы да осы жылы іске қосылады.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко