Итті қорлау неге әдетке айналды?

Елорда маңында әлдекімдер итке оқ атып, құлағын жұлып алған. Енді бірі адамның досын көлікке байлап сүйреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тәртіп сақшылары екі іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ итті қорлаған бейнелер соңғы кездері әлеуметтік желіде жиі шыға бастады. Бұл жайтқа жануарлар құқығын қорғаушылар алаңдайды. Адамның досына соншалықты аярлық жасау неліктен әдетке айналып барады?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Әлеуметтік желіні дүрліктірген тағы бір әлімжеттік. Елорда маңындағы ауылда әлдекім итті көлікке байлап, сүйреп барады. Жаны ашыған келіншек қыр-соңдарынан қалмаған соң істің насырға шабатынын түсініп, итті босатып жіберген. Бұл жайт тәртіп сақшыларының назарына ілінді.

Ал мына иттің тағдыры дүйім жұртты алаңдатқан еді. Атыраулық тұрғын азаптаған хайуанды белсенділер шарқ іздеп, өлермен күйінде тапқан. Қолдан келген ем-домның бәрін жасап, ақыры аяғына тұрғызды. Бірақ адамнан әбден қорлық көрген Батыр есімді ит ешкімге жуығысы жоқ.

Мамучар Жаббасов, кинолог:

- Қорқып қалған әбден. Оны соққан ба бұрын білмеймін ол жағын. Сосын сол аяғын алдыңғы жағының дұрыс баса алмайды. Себебі машинамен қатты сүйреп бара жатқан жерде полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша олардың маршрутында екі «лежачий полицейский» жатты дейді. Енді соның бәрін ана ит шыдап шығып, сол аяғынан қатты жарақат алған.

Саққұлақтың шауып кетуі екіталай. «Бірақ көпшіліктің қаржылай демеуімен сауығатыны анық», - дейді кинолог. Мейірімді жандардың шарапаты Батырға ғана емес, осы жерді уақытша паналайтын төртаяқтының бәріне тиген. Дегенмен, кей адамдар жануарларға қолдау көрсетуден аянбаса, өзгелердің озбырлық танытуына не себеп? Психолог Евгений Мироненконың пікірінше, ондайлар әлеуметтік желіде хайп жасауды көздейді. Отбасында зорлық көрген адамдар өшін көп жағдайда қорғансыз иттен алады екен.

Евгений Мироненко, психолог:

- Отбасыда қысым, былайша айтқанда, әлімжеттік көріп өскен бала, әрине, ата-анасынан көргенін істейді. Есейе келе, өзінен әлсіз жандарды, әсіресе, өзін қорғай алмайтын жануарларды қинайды. Оның үстіне жануарды қорлағаны үшін ешкім жазаға тартпайды ғой. Өйткені адамға зорлық көрсетсе, сотқа тартылуы мүмкін оны жақсы біледі. Ал қорғансыз жануарды қинау арқылы одан ашу-ызасын алады. Және оған ешкім қой демейді.

Ия, жануарларды қорлауға тоқтау салу үшін былтыр күзде Президент Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне арнайы заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бүгінде жоба Мәжілістің қарауында жатыр.

Аян Мейраш, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Заң жобасының ішінде жануарларға қатынастың нормасы және де оған жауапкершілікпен қарау нормалары көрсетілген. Бұл мақұлданғаннан кейін Мәжілісте келесі ілеспе заңды қосамыз. Ол еліміздің әкімшілік кодексінің және де қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізеді, сол өзгерістер арқасында біз жаңағы жануарларға көрсетілетін қатыгездікке жазаны күшейтуді көздеп отырмыз.

Алайда, ұсынылған жобаға жануарлардың құқығын қорғауға қатысты терминдер мен нақтылаушы ұғымдар ғана енген. Сондықтан экологиялық ұйымдар қауымдастығы Мәжілістегі жұмыс тобының құрамына кіруді көздейді. Осылайша, қолданылатын жазаға қатысты нақты ұсыныстар жасамақ.

Назкен Махамбетова, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының жоба менеджері:

- Әлемдік практикаға келетін болсақ, жануарларға деген қатыгездік жазалануы қажет. Яғни бұл заңды тұрғыда бекітілуі қажет. Қандай жазаға тартылуы қажет? Мысалға айыппұл көлемінде болуы мүмкін. Немесе уақытша бас бостандығынан айыру.

Әзірге жануарларды қинайтын қаскөйлерге сот жоқ. Ал Атыраудағы зәбір көрген итті тақауда жаңа қожайындары Алматыға алып кетпек. Өзге төртаяқтылар адам кейпіндегі айуанға емес, мейірімді жандарға адал дос болуға асық. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров