Арқалықтағы көп қабатты ескі үйлер азынап тұр

Арқалық қаласындағы кей үйлердің тұрғындары жаурап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық қазандық үздіксіз жұмыс істеп тұрса да, жылу бәріне бірдей жетпейді. Әсіресе, көп қабатты ескі үйлер азынап тұр. «Оның басты себебі – ішкі құбырлар дұрыс тазартылмаған» - дейді жергілікті мамандар.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Гүлнара Өтегенова шағын ғана бір бөлмесін жылыта алмай әлек. «Есік, терезесін қанша қымтап, бітесем де, пәтерім азынап кетеді», дейді ол.

Гүлнара Өтегенова, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Қалың киіммен жүрмесең, былай жылу жоқ бөлмемде, былайша айтқанда. Жәй ғана қан жылым болар-болмас. Жылытқыш қоспасаң, мүлдем сап-салқын.

Мынау Арқалықтағы жалғыз жылу энергетикалық орталығы. Отын қоры жеткілікті. Қазір қолда 3 мың тонна мазут бар, жақында тағы 6800 тоннасы жеткізіледі. «Белгіненген жылу температурасынан түсірмейміз», деп отыр. Ал енді тұрғындар неге жылуға зәру десек..

Әскербек Әлмағанбетов, Жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы:

- Үйлерге тартылған көтергіш дейміз, сымдар дейміз, олардың барлығы тазартылмаған. Сондықтан бізде айналыс дұрыс емес. Содан болады. Әйтпесе біздің беріп отырған, жылу таратқыш дейміз ғой, алықтың бәріне беріп жатқан бірдей жылу.

Айта берсе себеп көп. Биылғы желтоқсан айында былтырға қарағанда орташа ауа температурасы екі есе төмендікті көрсеткен. Қазандықтардың құрал-жабдықтары, жылу құбырлары 60-жылдардан бері жаңартылмаған.

Әскербек Әлмағанбетов, Жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы:

- Қазір біздің салқын күндері ғана емес, жел бізге қатты әсер етіп тұр. Желді күндері біздің қалаға беріліп отырған жылуымыз өте төмен түсіп кетеді. Неліктен? Өйткені көп жерлерде изоляция дейміз ғой, сырты қапталмаған.

Арқалықтың бір ерекшелігі, мұнда жылу тарифы тым төмен. Шаршы метріне орташа есеппен 47 тенгеден келеді. Әрине, бұл мазутқа  бюджеттен жыл сайын бөлінетін, 2,5 миллиад теңге дотация есебінен екендігі сөзсіз, Ал енді келер жылы көмірге көшсе, төлемақы қаншаға қымбаттайды деген сұрақ мұндағы көпшілікті мазалап жүр. Қазіргі жаңа қазандықтың құрылысы қарқыны жүргізіліп жатыр. Құны 7 миллярд 500 миллион тенгеге бағаланған жобаны алдағы қыркүйек айында аяқталмақ.

Ернұр Исмағанбетов, Арқалық қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Енді қазір қатты отынға ауысқан жағдайда көмірге, жоба өз құнын 4 жылда өтеп шығады деген жоспар бар. Өйткені көмірдің бағасына байланысты нарықтағы орташа есеппен 700-800 миллион жылу маусымына шығын кетеді.

Әрине, бюджет қаржысының үнемделгені жақсы-ақ. Бірақ мазуттан көмірге ауысқаннан кейін барлық үй жылуға жариды деу қиысынсыз. Ол үшін бірінші кезекте қаланың жылу жүйесін қайта жаңғырту міндеті тұр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг