Павлодарда коммуналдық салада шешілмеген мәселе көп

Павлодарда коммуналдық салада шешілмеген мәселе көп

Павлодардың шеткі аудандарында шешімін таппаған мәселе көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зеленстрой шағын ауданында тұратын халық кәріз жүйесінің жоқтығын айтып шағымданды. Жыл сайын жаңбыр мен еріген қар суы көшелерге жайылып, тұрғындарды әбігерге салады. Сонымен қатар үйлердің септиктері, жертөлелері мен ұралары суға толып кетеді. Қазір әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулері жүріп жатыр. Зеленстрой шағын ауданының тұрғындарымен онлайн форматында кездескен қала әкімі Ержан Имансіләм осы көктемде кәріз құбырлары мен суағарлардың құрылысы басталатынын жеткізді. Жер асты суларының көтерілуі және жауапсыз мердігерлердің кесірінен бұл ауданда орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы аяқсыз қалып отыр.

Ержан Имансіләм, қала әкімі:

– Бұл жұмыстарды сәуір айының басына жоспарлап отырмыз. Жауын суына арналған тоғандар, кәріз және канализациялық желілер салынады. Сәуірде басталған жұмыс екі жыл көлемінде аяқталуы тиіс. Бұл мақсатқа шамамен 1 миллиард 900 миллион теңге қаржы қарастырылған.