Нұр-Сұлтанда мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың құрметіне скверлер ашылады

Нұр-Сұлтанда мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың құрметіне скверлер ашылады
Елорда әкімдігі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ел астанасын көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмысты мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елорданы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасы аясында дамытып жатырмыз. Биыл тартылыс нүктелері мен жасыл аймақтар айтарлықтай ұлғаяды. Экологияны жақсарту мен қала тұрғындарының уақыт өткізуіне қолайлы орын құру үшін Нұр-Сұлтанды көгалдандырамыз.

Бұдан басқа, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) ағаш отырғызуды жалғастырамыз. Сонымен бірге «Қазақ елі» алаңы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Оқушылар сарайы, вокзал, әуежай, СОО, тұрақ кеңістігі және т. б. аумақтарда ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз», – дейді елорда әкімі.

Әкімнің айтуынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы биыл 120 мыңға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар) отырғыз жоспарланып отыр. Елорданың жасыл белдеуінде қазір 450 мыңнан астам көшет бар.

«Пандемия бізге денсаулықты сақтау және спортпен шұғылдану қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Медицина қызметкерлері, мұғалімдер, құтқарушылар және басқалар коронавируспен күресте алдыңғы қатарда болды. Педагогтар, дәрігерлер мен құтқарушылардың құрметіне тақырыптық гүлзарлар мен парктер ашып, оларды абаттандыруды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Астана Балет» маңындағы аумақта жасыл бақ, «Астана Опера» аумағында емен бағы, ал Триатлон паркте сирень бағы салынбақ. Қала жаңа түстермен жарқырай түседі.

«Елорданың әр ауданын көгалдандырамыз. Елбасы сұхбатында елорданың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалғанын атап өтті. Бұл тақырыпты жалғастырамыз: қала тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер, экоакциялар өткіземіз. Қаланы көгалдандыруға әркім өз үлесін қоса алады.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, сіздер қай жерде көбірек жасыл желекті көргілеріңіз келеді, қаланың қандай аудандары мен орындарын көгалдандыру қажет?» – деп жазады қала әкімі.