Жаңаөзенде суды тұщыландыру зауыты салынады

Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз ету үшін «Кендірлі» тұщыландыру зауыты салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қуаты тәулігіне 50 мың текше метрге жетеді. Ал Маңғыстау облысындағы «Каспий» тұщыландыру зауытын қайта жаңарту және кеңейту көзделген. Бұл туралы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесінде белгілі болды. Жиын премьер-министр Асқар Маминнің Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өтті. Кеңесте Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 1 млрд текше метрге дейін жететін жаңа газ өңдеу зауытын салу мәселелері де талқыланды.

Жиында өңірдің туристік әлеуеті де сөз болды. Маңғыстау облысы еліміздегі туристік әлеуеті жоғары аймақтардың ондығына кіреді. Осы орайда премьер-министр Ақтау қаласының курорттық аймағын дамыту жобаларының іске асырылуын тексеріп, жоспарланған инфрақұрылым құрылысының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.