Ақмола облысында 15 ақпанға дейін 1300 адамға вакцина салынады

Ақмола облысында 15 ақпанға дейін 1300 адамға вакцина салынады

Көкшетауда екпе салу қалалық екі емхана мен облыстық ауруханада жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакцинаны санитарлық қызмет және денсаулық сақтау мамандары алып жатыр. Алғашқылардың бірі болып облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина қабылдады. Алдымен коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылған дәрігерлер, жедел жәрдем мен қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері өтеді. Облыстық ауруханада екі күнде 73 маман екпе алады деп жоспарланған. Ал өңір бойынша 15 ақпанға дейін 1300 адамға вакцина салынбақ. Дәрілеу ерікті түрде және тегін жасалады. Жалпы екпе салу өңірдегі 24 медицина мекемесінде жүргізіледі. Ал сақтау үшін 4 мұздатқыш болса, оны тасымалдауға арналған 119 контейнер және 33 тоңазытқыш сөмке бар.

Айнұр Қалидолла, облыстық көпбейінді аурухананың эпидемиологиялық бөлім дәрігері:

- Вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бүгін мен солардың бірі болып алғашқы вакцинаны алдым. Вакцинацияның алдында терапевттің кабинетінен өттік. Ол жерден вакцинацияға біз жолдама алдық. Бүгінгі күні қазір жағдайым жақсы.