ШҚО-дағы Бұқтырма көпірінің құрылысына әзірлік жұмыстары жүріп жатыр

ШҚО-дағы Бұқтырма көпірінің құрылысына әзірлік жұмыстары жүріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма көпірінің құрылысына алғашқы әзірлік жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кететін болсақ, Күршім ауданындағы халықты талай жылдан бері қажытып келе жатқан көпір мәселесін шешуге Президенттің өзі тапсырма берген болатын. Өйткені дарияның арғы жағындағы жұрттың облыс орталығымен қатынауы қиямет-қайым. Дүйім ел 50 жыл бұрынғы ескі паромдармен қатынайды. Ол сынып қалса, сағаттап жағада тұрады. Енді көптен күткен іс басталды. Құны 30 миллиард теңгеден асатын көпірді жергілікті мердігер компания салады. Әзірге көпірге дейін апаратын айналма және технологиялық жол салынып, электр бағандары тартылыпты. Болашақта 250 жұмысшыға арналған құрылысшылар қалашығын салу жоспарланған. Негізгі құрылысқа арналған арнайы ауыр көліктерді алу үшін Қытай және Германиямен келісімшарт жасалды. «Өлкедегі күн райының қолайсыздығына қарамастан, жұмысты өз уақытында бастап, аяқтауға тырысамыз», - дейді жауапты мекеме өкілдері.

Айдар Мамиев, мердігер компанияның құрылыс жұмыстары бойынша директоры:

- Қыстың аты қыс енді, қыс кезінде жұмысты біз істеп жатырмыз, бастамасақ болмайды,өйткені біздің де уақытымыз, мерзімдеріміз бар. Сондықтан үлгеру үшін қыстың күнгі жұмыстарды да істеп жатырмыз, қарды да тазалап, оның астындағы жердегі құнарлы қабатты шешіп жатырмыз енді техниканың күшімен. Жұмысшылардың күшімен барлық жұмыстар атқарылып, істелініп жатыр.