Маңғыстау өңірінде салынатын «Визит орталық» жобасы қоғамға таныстырылды

Маңғыстау өңірінде салынатын «Визит орталық» жобасы қоғамға таныстырылды

Нысан Қарақия ауданындағы Бозжыра шатқалынан 4 шақырым қашықта бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, қонақ үй кешені ерекше қорғалатын аймақтан алыс тұруы керек деген тұрғындардың талабы ескерілді. Құрық ауылында қоғам белсенділері мен экологтар «Жабайұшқан» қаумалы сыртында жүзеге асатын инвестициялық жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалап, өз пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, соңғы 3 жылда «Бозжыра» шатқалына көліктер ағылып, аумағы 750 гектар жер бүлінген.

«Мұны тоқтатпасақ, ертең Бозжыраның табиғи қалпын сақтау қиын», - дейді ауыл азаматтары.

Айта кетейік, жалпы құны 38 млрд теңгелік жоба аясында визит-орталық, автотұрақ, атпен және квадроциклмен серуендеу орындары салынады. Құрылыс барысында 1500 жұмыс орны ашылады, оның 60%-і жергілікті тұрғындар болмақ. Қолданысқа берілген соң 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ «Сенек-Аққұдық» бағытындағы 46 шақырымдық қатқыл табанды жол жөнделеді.

Ержан Бекниязов, Қарақия аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бозжыра дегенді бала кезімізден көріп келе жатқан шатқал тау. Туристік бағытта өте қажетті, халыққа көрсетуге тұрарлық жер. Мысалы, Бекет ата, Шопан атаны көрсетіп жатырмыз ғой елге. Тап сондай әлеуметтік нысан салынуына қарсылығымыз жоқ. Жұмыс көзі ашылады. Өте қажет жастарға. Туристік бағыттағы Маңғыстауды көрсетуіміз керек.

Серік Жақсылық, Құрық ауылының тұрғыны:

- Осы ауылдың тұрғынымын. Мына Маңғыстауда Бозжыра атты қонақ үйдің ашылуына өз басым қарсы емеспін. Жастардың атынан. Себебі неге? Себебі, біздің Бозжырада қонақ үй салынатын болса, аудандарда, ауылдарымызда қаншама жастар жүр жұмыссыз. Соларға меніңше, көмек болады, жақсы болар еді. Жұмысқа алады деген сенім білдіреміз.