Елімізге «шұғыл қызметтің диспетчері» мамандығы қажет

Шығыс Қазақстан облысындағы ведомствоаралық ситуациялық орталыққа өткен жылы 250 мыңнан астам қоңырау түсіпті. Елдегі бірегей кешеннің ерекшелігі сол - бұл жерде 112,109 қызметі мен «Сергек» қоғамдық тәртіпті бақылау жүйесінің ақпараты тоғысады. Осылайша кез-келген қиын жағдайға тап болған адамға жедел көмек көрсету үшін қам жасалады. Мәселен, ондағы диспетчерлердің бірі өзіне өзі қол салмақ болған әйелмен екі сағат бойы сөйлесіп, оны ажалдан арашалап қалған. Дегенмен, орталық өкілдері елімізде «шұғыл қызметтегі диспетчер мамандығы» оқытылуы керек деп санайды.

- У вас что-то случилось, вам помощь нужна, вы меня слышите.. 

220-дан астам адам қызмет ететін ситуациялық орталықтағы әр күн, әр сәт осындай шұғыл қоңырауға толы. Мәселен, жақында оларға өзіне-өзі қол жұмсамақ болған әйел қоңырау шалған. Тәуекелге бел буған келіншекпен сөйлескен диспетчер оны екі сағат бойы райынан қайтаруға тырысқан. Осы аралықта полиция оның мекен жайын анықтап үлгерген.

Сәуле Бекпау, Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметінің инспекторы:

- Диспетчер ол әйелмен өте мәдениетті әрі жақын сөйлесе білді. Сөйтіп, оның күйеуі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүргені белгілі болды. Туыстарынан ешқандай қолдау болмаған. Полицияға айтуға тағы қорыққан. Диспетчермен әйелдің әңгімесі аяқталғанша тәртіп сақшылары ол тұрған мекен жайға жетіп, оны өлімнен аман алып қалды. 

Сергек жүйесінен келетін ақпараттар да осында жинақталады. Арасында көшеде денсаулығы күрт нашарлаған адамға көмек беру, ұмыт қалдырған зат иесін анықтау немесе ауладағы бұзықтық сияқты жайлар бар. Мысалы, өткен жазда кішкене қызынан көз жазып қалған ананың баласымен жылдам қауышуына осы бірегей кешен қызметі ықпал етті. Яғни диспетчер тек қоңырау қабылдап қана отырады деу жаңсақ пікір. Оларға​ психолог болуға тура келеді. Сондықтан шұғыл қызметтің диспетчері мамандығы оқытылуы керек деп санайды орталық өкілдері.

Марина Гагарина, облыстық цифрландыру және мұрағат басқармасының басшысы:

- Қарапайым диспечер біреу мен өз өміріме қол салам деп қоңырау шалса, сасқалақтап не айтарын білмей қалуы мүмкін ғой. Сондықтан арнайы білім алғаны дұрыс. Біз министрлікпен осы сұрақты ақылдасып жатырмыз.

Әзірге бұндағы телефон трубкасындағы кезекшілерге штаттағы психолог маман тренинг өткізіп, түрлі жағдайға дайындап жүр. Айтпақшы, тек өткен айда мұнда 18 мың қоңырау түскен.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов