ШҚО-да 100-ге жуық елді мекенді су басуы мүмкін

Шығысқазақстандық құтқарушылар сақтық шараларын күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде қар көшкіні, су тасқыны жиі болып тұрады. Сала мамандары апта сайын аймақты тікұшақпен бақылап жүр. Су тасқыны бола қалған жағдайда техникалық әзірлік қаншалықты екені де тексерілді. Шығыста қазір су басуы мүмкін 100-ге жуық елді мекен бар.

Апат айтып келмейді. Шығысқазақстандық құтқарушылар үшін нағыз қарбалас кезең басталды. Өйткені көктем жақындаған сайын өлкеде су тасқыны қар көшкіні болуы қауіпті де күшейеді. Төтенше жағдайлар департаменті осымен екінші рет барлауға шықты. Бүгінгі назарда Алтай мен Қатонқарағай. Өйткені екі аудан да қызыл су басуы ықтимал 5 өңірдің қатарында. Бұқтырманың жағасында 10-нан астам ауыл бар. Демек, сақтық да мықты болуы керек.

Алексей Штыкел, ШҚО ТЖД басқарма басшысы:

- Әуеден қараған кезде бұл аудандардағы қар қабатының қалыңдығы белгілі шектіктен аспағанын байқадық. Бұқтырмада мұз айдыны да қалыпты жағдайда деп айта аламыз. Әлі көбесі сөгілен жоқ.

Бұқтырмадағы мұздың қалыңдығы 78-86 см. Ал қос аудандағы қар қабаты 60 см қалыңдықта түсіпті, бұл бекітілген межеден 25-30%-ке төмен. Таулы аймаққа қар көшкіні де аз қатер төндірмейді. Облыста 500-ге жуық көшкін жүруі мүмкін орын болса, соның 330-дан астамы тас жол бойында.

Омар Дүзгінбаев, «Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы:

- Әуеден тексеру жұмыстарын өткіздік. Бұл жерде Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» қолдауымен барлық жұмыстарды жүргіздік. Бүгін әуедегі тексеру жұмыстары облыстағы қар көшкіні түсу қаупі қалыпты. Жалпы жағдай тұрақты.

Өскеменнің өзінде де су тасқынының алдын алуға арналған шаралар жүріп жатыр. Қалада тасқын су 1000-ға жуық үйге қауіп төндіреді. Әсіресе, Ахмер, Шығыс кенті, Жаңа Согра сынды 11 ауданда қауіпсіздік күшейтілді. Өзендердің арнасы кеңейтіліп, кейбір жерлерде арық қазылды.

Андрей Андрейко, Өскемен қалалық ТЖБ басшысы:

- Қазір су басуы мүмкін-ау деген осы аймақтарда жұмыс қарқынды жүргізіліп, бар күшімізді салдық. Қатер қаупі сейілді деуге болады. Осыдан 3 жыл бұрынғы тасқын кезінде жер тоңы 123 см-ге дейін қатып қалған еді, биыл бұл 69 см-ді көрсетіп тұр.

Төтенше жағдайлар қызметі техникасын күнде түгендеп, апатты жағдайға әзірліктерін пысықтаумен әуре. Біздерде мынадай бар, мынадай бар деп қолда бар құралдарын да көрсетті. Құтқару кеудешелерінен бастап 2 мыңға жуық гидрокомбинизон, қайықтардың түр-түрі мен мотопомполар дайын тұр екен.

Аяулым Кекеева, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

- Қалалық, аудандық әкімдіктермен кешенді шаралар жүргізіліп жатыр, солардың бірі 374 тонна жанар-жағармай дайындалды, су өтетін құбырлар, арықтар мен көпірлерді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы облыста 100-ге жуық елді мекенге қызыл су қауіп төндірсе, осыдан 3 жыл бұрынғы алапат тасқын кезінде соның 30-дан астамын су басқан болатын.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов