Түркістан облысы Шақпақ ауылының халқы өзен суын ішуге мәжбүр

«Сапасы нашар болса да өзен суын тасып ішуге мәжбүрміз». Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындары осылай деп, арнамыздың тілшілеріне жанайқайын жеткізді. Жұрт жылдар бойы таза ауызсуға жарымай отырғандарын айтады. Жазда арықтың, қыста өзен суына күні қараған Шақпақ ауылы осылай күн кешуде.

Шақпақ елді мекенінің тұрғындары заманның тынышында таза ауысуға жарымай, тіршілік нәрін тасып ішеді. Ауылға ауызсу келетін күні тұрғындар тайлы-тұяғына дейін қалмай, бос ыдыстарын көшеге алып шығып, күтіп отырады. Себебі, кезекке тұрмаса, сусыз қалуы мүмкін.

- Суға талас! Мен бірінші келдім! Судың өзін тасып ішіп отырмыз. Кезек, айқау-шу, төбелес. Құдайдың қарасуының өзі.

Ауылға ауыз су 5 шақырым жердегі өзеннен әр 2 күн сайын тасымалданады. Бірақ тұрғындар «ауыз су» деген аты болмаса, тасып ішкен судың сапасы сын көтермейтінін айтады. Сондықтан көбінің денсаулығы сыр берген. 

Ерлан Аронов, Шақпақ ауылының тұрғыны:

- Бүйректің бәрі ауырады. Айтса да, айтпаса да. Тұз бәрі. Тұзды ішіп жатқандықтан бүйрек түсіп қалуға айналды. Басқа амал жоқ, не істейміз енді.

Нұрлан Үшбасов, Шақпақ ауылының тұрғыны:

- Жақында ауырып, емделіп шықтым. Система салдырып.

- Қай жеріңіз ауырды?

- Бүйрегім, судың кесірінен. Құдықтың суы ащы.

Құдық демекші, тұрғындар ауладан қазып та көрген. Бірақ ащы су ішуге жарамапты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұдан 12 жыл бұрын Шақпаққа таза ауыз су келген. Бірақ жұмыс сапасыз жүргізілгендіктен тіршілік нәрінің қызығын олар бар болғаны 1-2 ай ғана көріпті. Кейін су тартылып кеткен.  

Тұрап Жүнісбеков, Шақпақ ауылының тұрғыны:

- Кенжебаев деген әкімнің кезінде, одан бері қанша әкім ауысты. Әлі жөнделген жоқ. Құдықтан ішеміз, қар ерітеміз, каналдан іштік анадағы кезде, су жоқ.

Ғани Момынов, Шақпақ ауылының тұрғыны:

- Қақпаның ішінен қазып еді, су шығара алмады ғой, шыққан су 1 ай да аққан жоқ. Сонымен қойды ғой, тоқтады.

Шақпақ ауылындағы ауыз су мәселесін әкімдік қызметкерлері де жақсы біледі. Байдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиевтің айтуынша, сол кездегі жауаптылар барлау жұмысын дұрыс жүргізбей, бірден су ұңғымаларын қазған. Жерасты су қорын толық зерттемей жатып, ауыл ішіне құбырларын тартқан. Нәтижесінде су шықпай, ауыл ауызсусыз қалған.

Бағдат Жанғазиев, аудан әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі таңда 17 мл ақша қаралып отыр. Су ұңғымасын қазуға. Одан бөлек 5 млн қаржыға жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Келесі жылы қаржыландыруға ұсынамыз. Құрылымдау жұмыстары жүргізілгеннен кейін екі жылдың көлемінде ол жердің суы толық шешімін табады.

Осылайша бастапқыда ауыз суға жауаптылардың жауапсыздығынан мемлекеттің миллиондаған қаржысы желге ұшып, талан-таражға түскен. Салдарынан аңқасы кепкен ауыл халқы тағы да ауыз сусыз қалды. Айта кетейік, Бәйдібек ауданында 52 елді мекен бар. Бүгінгі күні соның тек 41 ғана орталық ауыз су жүйесіне қосылған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы