Жамбыл облысында мектеп әжетханасының мәселесі шешілмей тұр

Жамбыл облысында мектеп әжетханасы мәселесі әлі күнге толық шешілмей тұр. Санитарлық тораптар орнатуға 1 миллиардтан астам қаржы бөлінсе де кей білім ошақтарында жұмыс сапасыз істелген. Мәселен, Талас ауданындағы Ақкөл орта мектебінің жаңадан орнатылған әжетханасы қақаған аязда істен шыққан. Оқушылар қыста қажетін дірдектеп далада өтеуге мәжбүр. 

300-ге жуық бала білім алатын мектептегі жағдай бұл. Әжетхана есігі тас жабық. Сабақ онлайн болса білінбес еді-ау. Мұнда оқушылар дәстүрлі түрде екі ауысымда оқып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Мектеп басшылығына айтып, әжетхананың есігін ашқыздық. Ішке кіріп көрейік. Міне арнайы бөлмелерге бөлінген. Бір, екі, үш, төрт. Бірден 4 адамға қызмет көрсете алады. Жабық тұр. Бірақ әжетханада су жоқ. Яғни әжетхана бар деген аты ғана. Әйтпесе балалар қыс бойы әжетханаға далаға шығады.

Сырттағысының да жағдайы мәз емес. Бір адамға арналған әжетханға кіру үшін ұл да, қыз да, ұстаз да кезеке тұрады. Оның өзі айдалада мектеп қоршауының сыртында тұр. Беті аулақ. 2019 жылы Тараздағы номері 6 мектепте болған жағдай қайталанса кім жауап береді?

Айгүл Таупиева, Ақкөл орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Қатып қалған. Оны аудандық білім бөлімі де біледі. Айтылған. Енді содан бері қарай істемей тұр ғой қазіргі таңда.

- Неге қатып қалған?

- Оны шаруашылық жөніндегі меңгерушісінен жөндеп сұрасаңыздаршы?! 

Мектепте суды қосып, қайта қалпына келтіру үшін желтоқсан айынан бері бір де бір рет те әрекет жасалмаған. Бар кінәні мердігерден көріп отыр. Айтуларынша, құбыр жүйесін жер бетіне тым жақын орнатып кеткен. Мейлі. Мердігер кінәлі болсын делік. Жобаны қабылдап алған кезде жауаптылар қайда қарады? Бұл сауал ашық күйінде қалды. Енді сапасыз жұмыстың зардабын ауыл оқушылары тартып отыр.

Бағдатбек Қадіров, Ақкөл орта мектебінінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі:

- Бәріне айтқанбыз. Районо біледі. Анау мердігерлер осыны істеген олар келіп жөндейді деген. Олар жоқ әлі күнге дейін. Жылы су жоқ бізде ешқандай. Бізде мұздай су анау сыртта емкость бар соған су аламыз. Бізде уақытпен береді ғой суды. Соған толтырып осы жаққа беріп отырамыз. 

Мән-жайды білу үшін бірден әкімдікке бардық. Мұндағылар бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз болып шықты. Ал аудан әкімі «әжетхана бойынша мүлдем мәселе жоқ» деп бөсіп салды.

Бақыт Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:

- Қазір проблема бар ма туалетке қатысты? Проблема жоқ. Ешқандай Проблема жоқ. Тиісті үш очко, бес очко мектептің объемына, баланың санына қарай толық қанды туалеттер істелді деп айтуға толық негіз бар.  

Талас ауданында былтыр бюджеттен санитарлық тораптар орнату үшін 56 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 29 мектепке ішкі әжетханалар орнатылған көрінеді. Ал бүкіл облыс бойынша 285 білім ошағына 1,1 миллиард теңге жұмсалған. Өткен жылы жергілікті билік әжетхана мәселесі 100 процент шешілді деп жар салған болатын. Алайда олар жұмыс істеп тұр ма? Істемей тұр ма? Оған ешкім бас ауыртпайтын сыңайлы.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә