Қостанайда кешеден бері үш бағыттағы автобус рейске мүлде шықпаған

Қостанайда кешеден бері үш бағыттағы автобус рейске мүлде шықпаған

Қостанайда қоғамдық көлік қатынасы ақсап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешелі бері қала жұртын таситын үш бағыттағы автобус рейске мүлде шықпаған. Тасымалдаушы компанияның әкімдікпен келісімшартты үзгені мәлім болды. Қаржылық қиындықтар мен автопарктің электрондық төлем жүйесіне дайын болмауына байланысты әкімдік өкілдері осындай шешім қабылдаған. Ал, бос қалған екінші, жетінші және он үшінші бағыттардың орнын басқа фирма уақытша өз құзыретіне ала тұрады. Бірақ бұл автобустардың жүріс аралығы қашан реттелетіні белгісіз. «Қала бойынша көлік тізгіндейтін білікті жүргізушілер жетіспейді», - дейді тасымалдаушы компания өкілдері.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанайда жолаушылар тасымалымен жеті жекеменшік автопарк айналысқан. Олар маршруттық бағытқа күнделікті 175 қоғамдық көлік шығарып келген.

Александр Брунер, тасымалдаушы компанияның директоры:

- Бізде техника жеткілікті. Бірақ жүргізушілер тапшы. Қала бойынша D санаттағы шамамен 200-дей жүргізуші қажет. Осы мәселе тұрақталмайынша жүріс аралығының қалпына келуі екіталай. Біздің фирма адамдарды жмұысқа қабылдауға дайын. Лайықты еңбекақы төлеуге кепіл береміз.