ШҚО-да қызметте жүріп коронавирусқа шалдыққан дәрігерлер өтемақысыз қалды

Шығыстағы Қатонқарағай ауданында қызметте жүріп коронавирусқа шалдыққан дәрігерлер өтемақысыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың барлығы да індет тараған кезден бастап бүгінге дейін жұмыс істеп келген. Бірақ жағдай осылай болды.

Нақты айтқанда аудандық нөмірі екінші аурухананың 30-дан аса қызметкері вирус жұқтырған. Қолдарында ковидпен ауырғанын дәлелдейтін ПТР тесттің қорытындысы мен құжаттары да бар. Медицина мамандары өтемақының берілмеуіне тікелей аурухана басшылығын айыптап отыр. Ал бас дәргердің өз уәжі бар.

Қауіпті вирус жұқтырған қанша адамға ем-дом жасағандары және өздері де, ауырғандарын дәлелдейтін құжатты әрбір дәрігер ұстап жүр. Былтыр сәуір айынан бері ауданда індеттің ілмегіне ілінген науқастың бәрі осы ауруханада емделген. Науқастарға ем-дом жасап жүргенде ауруханадағы медицина қызметкерінің 30-дан астамы да осы жұқпалы кеселге шалдыққан. Алайда үкімет уәде еткен өтемақыны әлі алмаған.

Гауһар Шайзадина, медбике:

- ПТР тест тапсырғанда менде нәтиже оң болып шықты. КТ-ға жіберді, өкпемнің 40 проценті зақымданған деді. Мен 2 миллион теңгені алуға тиіс болғанмын, себебі түскен бүкіл науқастармен тікелей жұмыс істедім. Құжатымызды жинап алды, әрі қарай кетті деді. Анықталғандай, ол құжаттар Үлкен-Нарын ауылында жатыпты. Соны біліп өзіміз бардық, барсақ жатыр, Өскеменге кеткен жоқ.

Құжаттың Өскеменге жетпегенін, тіпті өтемақы төлеу жөнінде үкіметтің арнайы қаулысы бар екенін дәрігерлер арада бірнеше ай өткенде ғана толық білген. Ал көктем мен ала жаздай ауруханада қызмет ететін 30 қызметкердің вирустан емделгені анықталады. Бірақ жұмыста жүріп індет жұқтырған 9 медицина қызметкерге ғана 2 млн теңгеден өтемақы төленген.Тіпті кейбір мамандар ауырып жүріп, жұмыс істесе де, айлыққа қосымша үстемеақы бұйырмаған. 

Эльмира Рафхатқызы, медбике:

– Мысалы, өз басым айтқандай, шілде айының басында ауырдым. Біздің бастық егер ауырып жүріп жұмыс істегеніңізді білетін болса, менің басым кетеді деді. Сондықтан айтпауымды өтінді. Мен саған дәрілеріңді берем деді. Мен 10-нан бастап 23-не дейін осы бөлімде ешқайда шықпай, жатып емделіп, жұмыс істеп жүрдім. Бірақ ақша төленген жоқ.

Ақша төленбегенін аурухананың басшылығы да растап отыр. Ал неліктен берлімегенін ПТР тест қорытындысының кешігуімен байланыстырады.

Арқабек Кәдірбаев, Қатонқарағай аудандық №2 аурухананың бас дәрігері:

– Зерттеудің бәрін зертхана кешіктіріп бергеннен кейін құжатты уақытында толтыра алмадық. Екінші себебі, қазан айының жиырмасында медицина қызметкерлеріне осы өтемақыны тоқтату туралы қаулы шықты. Содан кейін ол құжаттар кірмей қалды да, біздің қызметкерлер ала алмай қалды. Алғандары дұрыс еді. Алдыңғы шепте жүрді.

Алдыңғы шепте жүріп, ауырған адамдарды емдесе де, ақшасын ала алмаған тек бұл ауданның дәрігерлері ғана емес. Жалпы өңірде жұмыс істеп жүріп індет жұқтырса да, өтемақы алмаған дәрігерлерден жекелеген шағымдар әлі түсіп жатыр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені енді тек денсаулық сақтау министрлігі ғана шешетінін айтып, ақталып отыр.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов