Өскеменде жаяу жүргіншілерге қауіп төніп тұр

Өскеменде жолаушылар күннің қолайсыздығынан қиындық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалың қар жауып, одан кейін күн күрт жылынған. Енді аяз қайта басталып, көшелер көктайғақ болып жатыр. Бұл олқылық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының назарына ілікті.

Қаладағы Мыза көшесінде жағдай тіпті күрделі. Жүргізушілер кедергілерден қашамыз деп тротуарға да шығып кетеді. Ал бұл жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіріп отыр. Ауруханаға, мектепке, балабақшаға баратындар үшін әрине қолайсыздық туатыны рас. Үш ұлын балабақшаға апаратын Айнұр Бабаева бұл маңнан жанын шүберекке түйіп өтетінін айтады.

Айнұр Бабаева, қала тұрғыны:

– Үш баланы балабақшаға әкелемін. Өзім көпбалалы анамын. Көлік қағып кете ме деп қорқынышпен әзер өтеміз осы жерден.

Ата-аналар оқыс жағдай орын ала ма деп алаңдайды. Тіпті әлеуметтік желілерде де шағымданған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мән-жайды анықтау үшін арнайы тексеріске шықты. Жағдайдың күрделі екенін мердігерлер де жасырмай отыр.

Ардақ Әбділдинов, «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары:

– Күн жылып кетті де, қайтадан қатты. Міне, кешеден бастап 20 градустың үстінде тұр. Содан кейін мұз болып қалды. Бүгін түнде тазалап тастайды.

Мұндай қалың мұзды арнайы техникамен ғана тазалауға болады. Ал олар барлық учаскеге бірдей жетпейді. Тек мұзды емес, кейде қар тазалауға да қауқарсыз.

Жігер Байділдин, ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Кентке мониторинг жұмысымен бардық. Мониторинг барысында жол мүлдем тазаланбаған болды. Кейіннен ол жердегі тротуарларда қар қалың болды. Қала тұрғындары өз өміріне қауіп төндіріп, автокөлік жүретін жолмен жүріп жүр.

Тексерістің тиімділігі болды. Меновное ауданындағы көшелер қазір қалыпқа келді. Енді Мыза көшесін тазалау басталған. Алайда жауаптыларды қадағаламаса, қамсыз отыратыны өкінішті-ақ.

Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов