Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды

Биыл қыс қатты болып, өңірдегі су қоймалары мен өзен-көлдерде мұз қатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазір су деңгейі қалыпты болғанымен, ешкім су тасқыны ықтималдылығын жоққа шығара алмайды», - дейді мамандар. Сондықтан құтқарушылар кез-келген жағдайға дайын болу үшін алдын-ала жаттығу өткізді.

Отырар ауданындағы Шеңгелді елді мекені Сырдария өзеніне жақын орналасқандықтан жылда су басу қаупі төнеді. Алда көктем келе жатыр. Сондықтан қауіпсіздік шаралары қатаңдатылып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 466 құтқарушысы мен 83 бірлік техникасы және 12 қайық жұмылдырылды. Мамандар су тасқыны кезінде тұрғындарға қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

- Егер қауіпті жағдай орын алса, дабыл қаққыштарымыз қосылады. Біз бірінші кезекте смс-хабарландыру жібереміз. Сонда нақты қай елді мекен екені анықталып, жиналу орындарын белгілейміз. Соған көңіл бөліп, далағы шығып, полиция қызметкерлері көшелерді аралап, нұсқаулық береді. Соны орындаса, біз де қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргіземіз.

Төтенше жағдайдың алдын алуға арналған оқу-жаттығу жиынының арнайы сценарийі бойынша су басқан ауыл тұрғындары құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Апат аймағынан эвакуациялық бекетке жеткізілген азаматтар алдымен дене қызыуын тексертеді. Одан кейін арнайы орынға барып тіркеледі. Мұнда апаттан зардап шеккен азаматтарға арнайы төсек-орын жасақталған. Олар қауіп сейілгенге дейін осында болады.

Соңғы рет мұнда су тасқыны осыдан бір ай бұрын болды. Сырдария өзенінде мұз кептелісі болып, су деңгейі көтерілді. Салдарынан Шеңгелді елді мекеніне қауіп төнді.

Денис Коновалов, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры:

- Көксарай су қоймасы аумағындағы құтқару бекетінің мамандары дабыл қағып, бірден техникалар жіберілді. Олар қауіп төніп тұрған Сырдың бойындағы бөгеттерді мықтап бекітіп, судың бетін қайтарды. Қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Барлығына дайын болуымыз керек.

Қазір аймақтағы өзен-көлдерде су деңгейі қалыпты. Алайда өңірдегі ең үлкен су қоймасы – Шардарадан секундына 1500 текше метрден астам су құйылатын болса, онда жағалаудағы ауылдарға қауіп төніп, тұрғындарды көшіруге тура келеді.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Бәрі белгілі, 7 ауданда бізде қауіп бар. Сырдарияның бойында қауіп бар. Былтыр енді тәжірибе бар, Мақтаарал ауданындағы апатты жою үшін қаншама материалдық шығын келді. Мыңнан астам үйді біз қайтадан тұрғызуға тура келді. Енді наурыз айының ортасында су Шардарадан босатылады. Сырдың бойынша көптеген ауылдарда қауіп бар. Сондықтан алдын ала жұмыс істеуіміз керек.

Аталған аудандарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін антикризистік карта жасалды. Бұл жоба республика бойынша Түркістан облысында алғаш рет жүзеге асырылады. Пилоттық жоба облыс аумағында болуы ықтимал өрт, су тасқыны, жер сілкінісі сияқты 200-ден аса түрлі тәуекелдерді қамтиды. Картада көрсетілгендей апат бола қалса, 24/7 форматында жедел ақпараттық штаб құрылады. Ол «Алтын сағат» ережесіне сай төтенше жағдай болған сәттен 20 минут ішінде ресми ақпарат таратуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, облыс аумағында кез келген жағдайға дайын болу үшін 216 құтқару бекеті орналастырылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы