Қостанайда 200-дей қоғамдық көлік жүргізушісі жетіспейді

Қостанайда қоғамдық көлікті тізгіндейтін жүргізуші жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы автобус парктеріне 200 маман қажет. Жұмыс берушілер ұсынған еңбекақыға жүргізуші келмейді. Қазір автопарктерде ондаған қоғамдық көлік қаңырап тұр. Әлі күнге бірнеше бағыттың жүріс аралығы реттелмеген. Кадр дайындайтын автомектептерден де нәтиже жоқ. «D» санатын оқып шыққандардың дені шетелге кетіп қалады. Неліктен?

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Арман Шәймерденовтің жалғыз өзі автобус тізгіндеп жүргеніне жарты жылдан асты. Ол мұндай қадамға амалсыздан барған. Себебі жүргізуші жоқ.

Арман Шәймерденов, автобус жүргізушісі:

- Жүргізушіге ауыртпашылық түспес үшін бір автобусқа екі адамнан келуі керек. Ал көбі мен сияқты артық жұмыс істеп жүр. Әрине, бір-бірімізді алмастыратын серіктесің болған дұрыс қой. Амал жоқ. Осындай жағдайға тап болдық.

Бұл автобус паркінде 60 жүргізуші жетіспейді. Яғни, кадр тапшылығы 50%-ке жуықтайды. Лайықты еңбекақы тағайындалғанымен, қызығушылық танытып жатқандар некен-саяқ.

Александр Брунер, тасымалдаушы фирманың директоры:

- Ең кемі 200 мың теңге төлеуге дайынбыз. Ұсынатын әлеуметтік пакетіміз де бар. Бір айдағы жұмыс кестесі 15 күн. Автобус паркі заман талабына сай. Барлық жағдай жасалған.

Қала бойынша жолаушылар тасымалымен 7 автопарк айналысады. Соларға «D» санатындағы 200-дей жүргізуші қажет. Кадр тапшылығы жаздан бергі карантин шектеулерінен туындаған. Қоғамдық көліктердің уақыты қысқартылғанда жүргізушілер жұмыстан жаппай шыға бастады. Ал бірсыпырасы жаңадан енгізілген электронды төлем жүйесіне қарсылық білдіріп, рөлге отырудан бас тартты. Осылайша, қала ішіндегі автобустардың жүріс аралығы бұзылды. Бұл мәселені тасымалдаушылар әлі де ретке келтіре алған жоқ.

Юрий Панасенко, тасымалдаушы компания директорының орынбасары:

- Бағытқа шығатын автобустар күннен күнге артып жатыр. Өзіміздің құзыретіміздегі бес бағытқа тағы 10 автобус қосамыз. Өткен аптада жұмысқа шықпағандарды өзіміз алмастырдық, автобус тізгіндедік. Техниканың аздығынан жүріс аралығы 30 минутқа созылды. Қазір уақытты біртіндеп қысқарттық деп сеніммен айта аламыз.

Қала бойынша қатынайтын қоғамдық көліктің үштен бірі қаңырап бос тұр. Автомектептер «D» санатындағы жүргізушілерді дайындауын дайындайды. Бірақ үйренгісі келетіндер аз. Ал колдарында куәлік барлардың автобус тізгіндейтін құлшынысы жоқ.

Максим Пономарёв, автомектеп директоры:

- Жылына ең көбі 3-4 адам шығар «D» санатын меңгеретін. Оның өзінде олар біздің елде тұрақтамайды. Шетелге көшіп кетеді. Олар үшін Қазақстанда оқу әлдеқайда арзанға түседі.

«Оқудың ұзақтығы да кадр тапшылығына себеп», - дейді тасымалдаушылар. «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін ең кемі алты жыл қажет.

Александр Брунер, тасымалдаушы фирма директоры:

- Бұл өте ұзақ. Жастар басқа жұмыс тауып алғанды дұрыс көреді. Әрине, автобус жүргізушісі оңай мамандық емес. Таңғы 05:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыстасың.

Мәселені шешу үшін қала әкімдігі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізбек. Әр жерде жарнамалап та жатыр. Басқа жерден келіп жұмыс істеймін дегендерге барынша жағдай жасауға кепілдік береді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров