Созақ ауданында шалғайдағы шаруашылықтарға құдық орнатылады

Түркістан облысының Созақ ауданында шалғайдағы малшы ауылдар таза ауыз сумен қамтылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бетпақдаламен шектесетін ұшы-қиыры жоқ шөлді өңір мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аймақ. Алайда Кеңес заманында қазылған құдықтар әбден ескіріп, бітеліп қалғандықтан, төрт түлігін өргізіп отырған шаруалар тіршілік нәрінен тарығып отыр. Енді бұл мәселе біртіндеп шешімін табады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Арман Рақашов – Қаратаудың теріскейінде төрт түлігін төскейге өргізген шаруаның бірі. Қазір оның жүзден аса жылқысы, 50-ге жуық сиыры бар. Ол осы уақытқа дейін тіршілік нәрінен тарығып, судан тапшылық көріп келгендерін айтады. Былтыр мемлекеттік «Инвест» бағдарламасы аясында мал шаруашылығымен айналысатын шопандарға құдық қазып, күн сәулесінен қуат алатын қондырғы орнатылды.

Арман Рақашов, шаруашылық басшысы:

- Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға бұл өте қолайлы болды. Бұрындары алыстағы бұлақтарға айдап барып суғаратын едік. Қазір осы қосып қойып, осы жерге өздері келіп үйренді. Су ішіп, кете береді. Мысалы бізден де төмен құмға кірген жерлер бар, онда мүлде су жоқ. Енді мен өзім білетін 20 шақты шаруашылық қаздырды. Толық мемлекеттің есебінен, біздің қалтамыздан бір тиын да шықпады.

Өткен жылы «Инвест» бағдаралмасы шеңберінде Созақ ауданының шалғайдағы малшыларына арнап 585 млн теңгеге 43 құдық қазылған. Одан бөлек, 68 шаруа қожалығына күннен қуат алатын қондырғы оратып берілген. Осылайша, қиындықтан құтылған шаруалар қазір өркениеттің игілігін көріп отыр.

Салыхан Полатов, Созақ ауданының әкімі:

- Аудандарда бұрын мал ұстайтын жайылымдарда артизан құдығы болған. Кеңес заманынан кейін оның бәрі жабылып қалды. Кейін шаруалар шамасы келгендері өздері құдық қазып алды. Құдық қазып алмаған жерлер жабылып қалды. Енді мына Үкіметтің «Инвест» бағдарламасы бойынша құдық қазуды субцидиялау бағдарламасы жүргеннен кейін қазір шаруалар қызығушылық танытып, құдық қазу жақсы жолға қойылды. Біз бағдарламаны биыл да жалғастыратын боламыз.

Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылы да шалғайдағы мал шаруашылығымен айналысатын 40-қа жуық шаруаға құдық қазылып, күннен қуат алатын қондырғы орнатылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы