БҚО-да соңғы тәулікте 600-ден аса жолда жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 600-ден аса жолда жүру ережесін бұзу дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ережені ескермейтіндердің көбі жылдамдықты асыру мен көлікті мас күйінде жүргізгендер. Жыл басынан бері облыс жолдарында 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам көз жұмған. «Бұл – алаңдарлық жағдай», - дейді жол сақшылары.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Зейнеткер Игорь Камнев қалада машина жүргізу оңай емес деген пікірде. Жан-жақтан әкелінген көне көлік көбейді. Оның үстіне жылдамдыққа әуес жастар да жолды жиі кес-кестейді екен. Жаңа ғана терезесіне тас тиіп, жарық пайда болыпты. Полиция да егде жастағы жүргізушіні сол себептен тоқтатқан.

Қария бұл жолы ескертумен құтылды. Тездетіп терезесін ауыстырмаса, келесіде айыппұл төлейді. Рейд барысында мемлекеттік нөмірі көрінбейтін көліктер де тоқтатылды. Ауа райы жиі құбылған соң темір тұлпардың тез кірлейтіні рас. Дегенмен, нөмірді тазартып тұрмаса болмайды екен. Ал, мына «Мерседес» айып тұрағына қойылатын болды. Өйткені қымбат көлікті тақымдаған жүргізушінің сақтандыру полисі болмай шықты.

Қайрат Ділімов, Патрульдік полиция батальоны взвод командирінің м.а:

- Кейбір жүргізушілерде 3-4 көлік болуы мүмкін. Ал, қазір қалада шет мемлекеттерден әкелінген машиналар көбейді. Оларды жүргізу үшін сақтандыру полисі талап етіледі. Досының, ағасының немесе әпкесінің көлігін жүргізу үшін құжаттары дұрыс болуы керек. Жаңағы «Мерседестің» иесі де досының көлігін айдап жүр екен. Енді оған әкімшілік хаттама толтырылады. Көлікті айып тұрағынан тек иесі ғана алып кете алады.

Жедел алдын алу шарасы басталған алғашқы тәулікте 600-ден аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. «Соның ішінде жол қозғалысына ең қауіптісі – көлік құралын мас күйде басқару», - дейді полицейлер. Арасында есірткіге елтігендері де кездесіпті. Мысалы, BMW көлігін тізгіндеген мына азамат «Орал – Саратов» тас жолында келе жатқан бетте ұсталыпты.

Біржан Есмұхан, қалалық ПБ Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Құжаттарын тексеру барысында ол адамның есірткіге құмарлығын байқап, наркологиялық диспансерге жеткізілді. Дәрігер есірткіге масаң күйде көлік құралын басқарды деген диагноз қойды. Фактілер анықталып тұрады күнделікті.

Жүргізушілердің көбі қауіпсіздік белбеуін тақпайды. Рөлде келе жатып ұялы телефонмен сөйлесетіндер де аз емес. Сонымен бірге көлікке қосымша құрал-жабдықтар орнату тәртібі де жиі бұзылады екен. «Жалпы жол ережесін бұзу фактілерін анықтауда бейнебақылау камераларының көмегі орасан зор», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов