Іле Алатауындағы қар көшкіні наурыз айының аяғына дейін жүруі ықтимал

Алатауда көшкін қаупі арта түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын осы мезгілде күн жылып, таудағы қар ери бастайды. «Қазселденқорғау» мекемесі биыл жалпы ахуалды Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтының ғалымдарымен бірге көріп қайтты. Өткен жылдан бері ғылыми-зерттеу институты көшкін туралы ақпарат беретін бюллетень шығара бастады.

Іле Алатауындағы қар көшкіні наурыз айының аяғына дейін жүруі ықтимал. Таудың биік сілемдері мен шың-құздарындағы қардың қалыңдығын, көшкін болу қаупін тек тікұшақпен ғана көруге болады. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары мен География институтының ғалымдары 4 сағатқа жуық уақыт Қаскелең мен Түрген өзені аралығындағы аумақты шарлады. Осы аралықта шаңғы тебетін кешендер, туристік нысандар мен елді мекендер жиі шоғырланған.

Әсия Керімханқызы, «Қазселденқорғау» ММ бас инженер-гидрологы:

- Қар көшкіні қауіптілігі таулы аудандарда сақталады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен демалушыларды тау бөктерлеріне шыққан кезде сақтық шараларын сақтауды ескертеміз.

Қазір таудағы қардың қалыңдың 40 пен 70 см аралығында. Бұл жылдағы қалыпты жағдай саналғанымен, көшкін кез келген сәтте болады. Бұл орайда Қазақстанның География ғылыми-зерттеу институты қар көшкіні бюллетенін шығаруды қолға алды. Швейцариялық тәжірибеге сүйеніп жасалған бюллетеньде адам жиі баратын жерлердегі қар көшкіні туралы ақпарат көрсетіледі.

Виктор Благовещенский, Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтының бас ғылыми қызметкері:

- Тауда көшкін жүру қаупі әлі де жоғары. Қар қалың. Үнемі бұрқасын болғандықтан, көшкін жиі болып жатқанын байқадық.

Биыл «Қазселденқорғау» мекемесі 46 рет профилактикалық қар көшкінін жасады. Десе де, ақпан айының басында тауда 31 рет көшкін жүрді. Бірақ солардың барлығы елді мекендерден алыс, қауіпсіз аймақтарда болды. Жалпы күн сайын таудағы гидрометеорологиялық ахуал 59 стационарлық бекет арқылы бақыланады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов