417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ТЖД мамандары Сырдарияны тікұшақпен бақылап шықты

  • 60
  • UPD: 21:08, 23.02.2021

Қызылорда облысында Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Сырдарияның жағдайын тікұшақпен бақылап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзір оңтүстік аудандарда мұз ерігенмен, сең қозғалған жоқ. Дегенмен мамандар өзен бойын зерделеп, қауіпті учаскелерді бақылауға алған.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Аймақтың оңтүстік аудандарында өзен бетіне қатқан мұз қазіргі уақытта еріп үлгерген. Бүгінде Қызылорда қаласынан 245 шақырым жердегі Тастоп учаскесінен бастап солтүстікке қарай мұз ұстасқан. Оның қалыңдығы 10-70 сантиметрге жеткен.

Айта кетейік, Сырдария өзенінің Қызылорда облысы аумағындағы бөлігі – 1274 шақырым. Мамандардың мәліметі бойынша бүгінде Шардара су қоймасынан өзенге 300 текше метр су түсіп жатса, оның 200-і Көксарайға құйылады. Қалған 100 текше метрі облыс аумағынан өтіп жатыр.

Саид Молдақараев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Азаматтық қорғау күштерінен 81 адам, 361 техника, 75 су сору мотопомпасы, 9 жүзу құралдары, сосын 1 тікұшақ қазір дайындыққа келтірілген. Қауіпті учаскелердің бәріне мекемелер бекітіліп, күнделікті мониторниг жұмыстары жүргізілуде.

Алайда биыл жылдағы жағдайға қарағанда өзенге түсіп жатқан су көлемі әлдейқайда аз. Өйткені жоғарыдағы су қоймалары өз деңгейінде толмай тұр. Оны мамандар жауын-шашын көлемінің аздығымен байланыстырады.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясының басшысы:

– Жоғарыдағы елдердің гидромет қызметтері бойынша, Өзбек, Қырғыз гидрометінің таулы өңірлердегі Сырдария өзеніне келіп сулылығы қалыптасатын өңірлерде қардың қалыңдығына, жауын-шашынның мөлшеріне байланысты болжамын қазір алдын ала біз алып отырмыз. Осы жоғарыдағы өзен бассейіндерінде кіші, үлкен өзендердің, жанама құйылатын өзендердің су мөлшері орташа 15-20 процентке дейін қалыпты жағдайдан аз болжанып отыр.

Судың аздығы алдағы егін науқанына да әсер етері сөзсіз. Сондықтан су шаруашылығы мамандары егін көлемін шектен тыс асырмау үшін әр ауданға лимит белгіленетінін атап өтті. Сондай-ақ Көксарайға жылдағыдай 2 млрд текше метр су жинау межеленген.  

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы