Қарағандыдағы хайуанаттар бағы тағы бір ителгімен толықты

Құсты қала тұрғыны даладан әлсіз күйінде тауып алып, табиғат қорғаушыларына табыстаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ителгі жыртқыш құстар тобына жатады. Қанатының ұзындығы 38-40 сантиметрге дейін жетсе, салмағы 1 келіден асады. Қазақ халқы оны аңшылыққа пайдаланып, кекілік, кептер, үйрек сынды құстарға салған. Жемтігін шүйлігіп алатын ителгіге қызығатындар өте көп. Елімізде 90-жылдарға дейін 3 мыңнан аса ителгі мекендесе, кейін аулаушылар көбейіп, тұқымы құрып кетуге шақ қалған. Сондықтан 1996 жылы Қызыл кітапқа енгізіліп, ерекше қорғауға алынды.

Ербол Байжанов, хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері:

- Бұл енді табиғаттың әсеріне қарай келді ме, аштық болды ма, тамақ іздеп келді ме, сондай себеппен келген. Негізінен шатқалды, құз, қия, қарағайдың басында жүреді. Біріншіге қарағанда қанаты барлығы жақсы. Ұшып, өздеріңіз көріп тұрғандай, сау құс болып тұр. Бұл биыл бізге келген өте үлкен олжа деп ойлаймыз.