Тараздағы оңалту орталығында медициналық көмек түрі көбейді

Тараздағы оңалту орталығында медициналық көмек түрі көбейді

Елімізде 26 мыңнан астам бала нейроортопедиялық ауруларға шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 6 мыңдайы Жамбыл облысында. Былтыр ҚР Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен Тараз қаласынан «Қамқорлық» оңалту кешені іске қосылған болатын. Медицина нысандарының бірі балалар ауруханасының жанынан ашылған. Орталықтың жұмысымен аймаққа іссапармен барған қор директоры Дариға Назарбаева танысты. Мекеме 50 балаға арналған. Мұнда сал ауруына шалдыққан және жүйке жүйесі мен тірек-қимыл мүшелерінің ақауы бар пациенттер тегін ем-дом қабылдайды. Одан бөлек, мұнда кейбір операциялар жасалып, нейрохирургиялық операциядан кейінгі оңалту ем-шаралары да жүргізіледі. Орталық барлық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ал мұндай нысандар бұрын тек Алматы мен елордада ғана бар болатын дейді ата-аналар. 

Дариға Мәделова, облыс тұрғыны:

– Бізге мұндай қолжетімді нәрсе жоқ болатын. Астанаға баратынбыз. Онда да квота арқылы. Қазір Таразда ашқанына Елбасына алғысымды айтамын. Осы жер қызымның аяққа тұруына себеп болды. Осы жердегі ақ халатты абзал жандарға да рақметімді айтамын.

Азат Сәтжанов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл жерде балаға тек қана медициналық көмек көрсетпей, әлеуметтік, педагогикалық жағынан комплексті оңалту шаралары жүргізіледі. Бұл біздің бүлдіршіндерімізге таптырмас емнің түрі.