Алыстан жеткен алғыс

Қазақстанда туып-өскен өзге ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ еліне деген шексіз алғысын жарыса жеткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде Германия, Түркия, Малайзия, Ұлыбритания, Үндістан, Португалия және өзге де Таяу Шығыс елдерінің азаматтары бар.

Муштақ Шайқ, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі:

– Мен Қазақстанның Мемлекет басшысы мен үкіметіне қазақ елінде білім алуға мүмкіндік бергеніне алғыс білдіремін.

Нуридин Майлов, кәсіпкер:

– 1944 жылғы қуғын-сүргін кезінде түрік халқын жылы қабылдаған қазақ ұлтына алғысымыз шексіз. Соңғы асын бөлісіп, панасына алған елге қашан да бас иеміз.

Алғыс айтушылардың қатарында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де бар. Олар Димаштай ұл туған елге рақметін жаудырды.

Азва Йонг, Димаш Құдайбергеннің малайзиялық жанкүйері:

– Болашақта Қазақстан біртұтас, қуатты, бейбіт болып гүлдене берсін. Малайзиядан сіздерге үлкен сәлем. Рақмет.

Жырақта жүрген қандастарымыз да ата жұртына алғыс айтудан қалыс қалмады. Мәселен, Түркияда туып өскен және сонда 28 жыл медицина саласында қызмет атқарған Решиде Юксель тарихи Отанына ыстық сәлемін жолдады.

Решиде Юксель, Ыстамбұл Зейтінбұрны аудандық мәслихатының депутаты:

– Ата жұртымыздан ұзақ жүрсек те, жүрегіміз қазақ елі деп соғады. Мен өзім қазақ халқына алғысымды айтамын.

Әрине Алғыс айту күні – бірінші кезекте қиын қыстау кезеңде әр адам баласын бауырына баса білген қазақ халқының құрметіне арналғаны баршаға мәлім. Бірақ соңғы кезде бұл мейрамның ауқымы кеңейіп келетіні рас. Осы күні бірі ата-анасына, енді бірі жора-жолдастары мен ұстаздарына рақметін айтып жатыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев