Ата-анамыз Қазақстанға жер аударылғандары үшін риза болды – кәріс ұлтының өкілдері

«Алғыс айту» күніне орай Алматы облысындағы түрлі ұлт өкілі «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне барып тағзым етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер аударылып, қиын жағдайда қолдау көрсеткен қазақ ұлтына деген құрметін білдірді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қиыр шығыстан Жетісуға күштеп көшірілген кәріс ұлтының өкілдері дәл осы Бастөбенің бөктеріне қоныстанған екен. Сол себепті 2012 жылы тарихи орынға «Қазақ халқына мың алғыс» монументі тұрғызылды. Көркемдік композициясы ерекше ескерткіштің шаңырақ пен уығы ынтымақ пен бірлікті дәріптеп тұр. Алғыс айту күніне орай мұнда жылдағыдай қарақұрым халық жиналды. Көпшілік қиын қыстау кезеңді ой елегінен өткізіп, өткенге тағзым етті.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1937-1938 жылдары Жетісу өлкесіне 100 мыңнан аса кәріс ұлтының өкілі жер аударылған екен.

Атажұртынан ажырап, жат жерге қоныстанғандарға жергілікті халық барынша қамқорлық жасаған. Бір үзім нанымен бөлісіп, баспанасын паналатқаны да белгілі. Зобалаң жылдардағы жағдай «Жерұйық» деп аталатын кинокартинаға арқау болды. Шынайы оқиғаға негізделген тарихи туындының бір бөлігі осы аймақта түсірілді.

Валерий Ан, «Ноендан» ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Жер аударылып көшірілгенде, менің әкем он жаста болыпты. Оларды тауар таситын вагондармен жеткізген. Алғашқыда жеркепе қазып тұрыпты. Сол кезде оларға қазақ халқы көмек көрсетіп, барымен бөлісті. Кішкентай балаларды өз үйлеріне әкетіп бақты. Сөйтіп кәріс диаспорасын аман алып қалды.

Флора Тё, Қаратал ауданының тұрғыны:

- Біздің ата-анамыз Қазақстанға көшірілгені үшін тағдырына өте риза болды. Өйткені барлығы тірі қалды. Сол үшін қазақ халқына алғыс айтамыз.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жалпы, зұлмат жылдары Жетісу жеріне 1 млн-нан аса адам күштеп қоныс аударылды. Бүгінде олар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақ бірлікте ғұмыр кешіп келеді.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов