Елімізде электр желілерінің 64%-і тозған

Елде жұртқа электр қуатын жеткізіп отырған желілердің 64%-і тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі Кеңес үкіметінің кезінде, яғни өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары тартылған. Сондықтан дауыл соғып немесе жаңбыр жауса ауыл, аудан, тіпті қалалардың өзі бір-екі күндеп жарықсыз қалады. Ал жаңа электр желілері жұрттың игілігіне жарамай тұр. Оған не себеп?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- XXI ғасырдың 2021 жылы. Қазір электр қуаты болмаса тіршілікті елестету қиын. Смартфон, теледидар, тіпті жылу мен су да соған байланған. Жарық өшсе, тіршілік тоқтайтындай сезінеміз. Десе де, елорда іргесіндегі Талапкер ауылының тұрғындары мұндайға әбден үйренген.

Айжан Мұхамеди, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Боран болған сайын бізде екі күн электр қуаты болмайды. Ол болса, пеш тұрып қалады. Өйткені пеш қазір бұрынғыдай емес қой. Бүкілі электр қуаты арқылы істелінеді. Су жоқ. Өйткені су да генератор арқылы істелініп жатыр ғой. Сол жарық өшсе, су да жоқ, от та жоқ. Ештеңе жоқ. Тұрып қаламыз.

Осы жоқты бар қылу үшін әкімдік ертеден-ақ қам жасады. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге сұратып, 1 тоқ тарату торабы мен 49 жаңа трансформатр орнатқан. Бірақ аймақтағы электр тарату компаниясына тапсыра алмады. Себебі монополист түрлі сылтау айтып, қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Сөйтіп, созбалаңға салып жүргенде бақандай бес жыл өтті. Ал жаңа 49 трансформатор тоналып, әркімнің қолында кетті.

Әшірбек Сәрсенбав, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Мемлекеттің келіп тұрған электр қуаты бар. Өткізген, тартып қойған. Әлі қосылған жоқ. Трансформаторларды тонап кетіпті дейді. Ол рас енді. Трансформаторлардың бүйірін тесіп кетіпті ғой. Мен бір-екеуін көрем көшеде жүрген жерлерімде.

Айжан Мұхамеди, талапкер ауылының тұрғыны:

- 2020 жылы қаңтарда қатты боран болды ғой. Сонда мыналардың барлығын тонап алып кетті кісілер. Түгел болатын. Боран уақытын пайдаланып, кісілер алып кетті іштегі нәрселерін.

Осылайша, қыруар қаржыға қойылған құрылғыдан тұрғындарға пайда болмады. Олар алып отыр. Арзан емес, әрине. Амалсыз электр қуатын жеке кәсіпкерден сатып

Әшірбек Сәрсенбав, Талапкер ауылының тұрғыны:

- Біз енді жекеге төлеп отырмыз 25 теңге. Қымбат енді. Айына шамамен 19 мыңға дейін төлеймін

2015 жылы Целиноград ауданында дәл осындай 400 трансформатор мен 2 үлкен тоқ тарататын торап салынған. Жобаға республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге жұмсалды. Ол елорда маңындағы Қоянды, Қызылсуат, Қосшы, Қараөткел, Қаражар сынды бірнеше ауылды арзан әрі тұрақты электр қуатымен қамтуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Себебі монополист компанияның сатып алатын мүмкіндігі болмады. 

Қанат Ағзамұлы, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір заңға өзгерістер енгізілді. Сондықтан ол компания жүйелерді өзінің балансына емес, енді балансына алса, сатып алу керек. Сенімді басқару дейді, сол сенімді басқаруға беруге біздің құқығымыз бар. 2020 жылы сол өзгерістер ғана енгізілді. Енді алам десе де, тағы да бір проблемасын бізге айтып жатыр. Маған енді тарифке пайдаланатын кездегі шығындарды эксплуатациялық шығындар дейді. «Сол шығындарды немесе тарифке кіргізіңдер немесе бюджеттен жабыңыздар», - деп айтып жатыр.

Ал Ақмола электр тарату компаниясы «желілерді қабылдауға дайынбыз» дейді. Бірақ күтіп ұстауға кететін шығын төленуі керек. Заңда бұл көрсетілмеген. Яғни желіні басқаруға беру керек екені бар. Ал оның қалай жүзеге асатыны нақты жазылмаған.

Калима Амренова, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ заң бөлімінің басшысы:

- Бірде-бір нормативтік құжатта басқаруға берілген желілердің шығынын өтеу жағы қарастырылмаған. Оларды күтіп ұстағанымыздың ақысы тарифке де қосылмайды. Әкімдік арқылы қайтару методикасы да қарастырылмаған. Бізге «күтіп ұстауға алыңдар, болды» дейді. Біз оның шығынын қалай жабамыз. Өтеуі болмаса, басқаруға ала алмаймыз.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бұл жалғыз Целиноград ауданы ғана емес, республиканың барлық өңіріне ортақ проблема. Өйткені заң ортақ. Оның кемшін тұстары да ортақ. Осының кесірінен қаншама жаңа дүниенің іске қосылмай тоналып жатқаны белгісіз. Ресми санын білу үшін Энергетика министрлігіне хабарластық. Алайда ресми жауап болмады. Ең қиыны, халықтың қалтасына салмақ түсіп тұр. Егер бұл трансформаторлар іске қосылса, ел электр ақысын әлдеқайда азырақ төлеген болар еді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Жандос Сұлтанғазы, Асхат Қарақойшиев