Ақтауда мұғалімдерге вакцина салынып жатыр

Ақтауда мұғалімдерге вакцина салынып жатыр

Маңғыстау облысында мұғалімдер қауіпті індетке қарсы екпе салдыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін өз еркімен өтініш білдірген 41 ұстазға «Спутник V» вакцинасы егілді. Ереже бойынша алдымен әрқайсысының денсаулығы тексеріліп, кейін екпе салынған соң жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болды.

Ақ халаттылардың айтуынша, қазір коронавирусқа қарсы ерікті түрде егілгісі келетін мұғалімдердің қатары артқан. Мәселен, ұстаздарды вакциналау басталған алғашқы күні тек 8 адам алса, бүгін олардың саны 27-ге жетті. Бұған қоса емханаға екпе салдырғысы келетін тағы 58 педагогтың тізімі жіберілген. Айта кетейік, вакциналау екі кезең бойынша өтеді. Яғни, алғашқы компонентін алған адамға 21 күннен кейін екінші дозасы салынады.

Гүлшат Уалиева, химия пәнінің мұғалімі:

– Өзімнің бес балам бар. Өзім тәрбиелеп отырған алдымда 16 оқушым бар. Екпе салғаннан кейін тынығу бөлмесіне келіп отырмыз. Алғаныма 15-20 минуттай болды. Ешқандай әсерін сезініп отырған жоқпын, кәдімгідей қалыпты жағдай. Бұдан қорқудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрбір саналы азамат өзінің болашағы үшін, айналасындағылардың амандығы үшін вакцина алу керек деп ойлаймын.