БҚО-да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген әкім жазаланды

БҚО-да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген әкім жазаланды

Батыс Қазақстан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген аудан әкіміне сөгіс берілді. Соңғы 2 айда 300-ден аса жүргізушінің көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды.

Салдарынан 3 жол апаты болып, 1 адам көз жұмды. Төрт түлікпен байланысты жол-көлік оқиғалары да көбейген. Аймақта қараусыз жүрген малдарды қамайтын 60 арнайы орын бар. Бірақ бұл қағаз жүзінде ғана, еш пайдасы жоқ. Қараусыз жайылған мал жол апаттарына жиі себепкер болады. Жуырда Сырым ауданының аумағында жылқыға соғылған «ВАЗ» автокөлігінің жолаушысы қаза болды.

«Мал иесін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартумен мәселе шешілмейді. Қайғылы оқиғаның алдын алу үшін полиция мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бір жүйеге келтіру қажет», - дейді сала мамандары. 

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- Ақжайық, Бөрлі және Сырым ауданы әкімдерінің жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын қабылдау жұмыстары қанағаттанарлықсыз екенін ескерткен болатынмын. Ауылдық округ әкімдері мен тиісті мемлекеттік органдармен, яғни полиция бөлімшелік қызметкерлерімен  өзара байланыс жоқтығынан осындай оқиғалар әлі де болып жатыр. Биылғы жылдың басында осындай оқиға тіркеліп отыр. 3 ауданның әкімдері толық жауапкершілікпен қарап отырған жоқ. Сондықтан Сырым ауданының әкіміне сөгіс жариялаймын.