Елордадағы «жедел жәрдемге» барлық ауладағы шлагбаумды ашатын пульт берілді

Елордадағы жедел жәрдем қызметкерлеріне барлық шлагбауымды ашатын әмбепап пульт берілді. Енді медицина мамандары тұрғын үй маңындағы шлагбаумдардан кедергісіз өте алады. Әзірге пилоттық жоба бас қаланың бір ауданында ғана іске қосылды. Бірақ болашақта барлық арнайы қызмет көліктеріне осындай әмбепап пультпен қамту жоспарланған. Жоба аясында арнайы мобильді қосымша да жасалыпты. Арна тілшілері жедел-жәрдем қызметімен бірге пилоттық жоба жұмысын тексеріп көрді.

Қала ішінде шлагбаумдар көптеп орнатыла бастағандықтан соңғы 10 жылда жедел жәрдем көліктерінің аулаларға кіруі қиындады. Сала мамандары осылай деп шағымдануда. Шлагбаумдар бригаданың шақыртуға тез жетуіне кедергі келтіреді. Ал пилоттық жоба аясында әзірленген әмбебап пульт арнайы қызметтердің осы мәселесін шешуге бағытталған.

Мұрат Оразбаев, Нұр-Сұлтан қ. әкімдігінің жедел жәрдем станциясының директоры:

- Жедел жәрдем қызметі үшін әр минут маңызды. Шлагбаумдарды ашу үшін бригада күзетшіні іздеп немесе ПИК-ке хабарласып, 5-10 минутын жоғалтады.

Азамат Байболатов, «Smart City» компаниясының сату бөлімінің басшысы:

- Шлагбаумдарға біз мынадай модульдерді орнатамыз. Бұл 4G модульдері сим-карта және интернет арқылы жұмыс істейді. Олар біздің климатымызға бейімделген. 

Ал шлагбаумға модуль орнату үшін жоба жетекшілері пәтер иелері кооперативтерімен келіссөз жүргізеді. Қосымша қызмет тұрғындар есебінен жұмыс істейді. Сондықтан ай сайынғы коммуналдық төлемдерге тағы 200 теңге қосылуы мүмкін. Бірақ бұл жедел жәрдем, өрт сөндіру, құтқару қызметтерінің аулаға кедергісіз кіруіне мүмкіндік ашады дейді жоба жетекшілері. 

Азамат Байболатов, «Smart City» компаниясының сату бөлімінің басшысы:

- Жедел жәрдем фельдшерлерінде планшеттер бар. Оларға біздің қосымшаны жүктеп береміз. Сол арқылы да шлагбаумды аша алады. Яғни жедел жәрдем бригадасы үш жолмен шлагбаумды басқара алады. Жүргізуші әмбебап пульт арқылы, фельдшер мобильді қосымшаның көмегімен ал диспетчер қашықтан басқару арқылы шлагбаумды ашады. 

Шлагбаумды ашатын әмбепап пультті AppStore, Google Play-ден жүктеуге болады. Бұл тұрғындарға да қолжетімді. Бірақ қосымшаны пайдалану үшін пәтер иелері кооперативінен рұқсат алу керек. 

Қайрат Артықбаев, жедел жәрдем жүргізушісі:

- Бұрын мысал үшін вызовқа келген кезде шлагбауымның алдында тұрамыз. Уақыт кетеді. Бригада жаяу кетеді, айналып үйді шлагбаум тұрған соң.

– Шамамен қанша уақыт үнемдедіңіз?

- Екі-үш минутты үнемдейді. Әжептәуір үнемдейді. 

Әмбепап пульт арнайы қызмет бригадаларына тегін беріледі. Пилоттық жоба әзірге тек Есіл ауданында іске қосылды. Бүгінде 24 жедел жәрдем көлігінде осындай пульт бар. Пилоттық жоба ойдағыдай іске асса, жазға дейін тағы 120 ауладағы шлагбаумға қажетті қондырғыны орнату жоспарланған.

Авторлар: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Сұлтанғазиев