433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алатаудың баурайында қар көшкіні жүруі мүмкін

  • 91
  • UPD: 00:17, 18.03.2021

Алдын алмаса, Алатаудың баурайында қар көшкіні жүруі мүмкін.

Мамандар осы қатерге байланысты дайындық жүргізіп жатыр. Бүгін «Қазселденқорғау» мекемесі мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері туристер көп шоғырланатын Шымбұлақ тау-шаңғы демалыс орнындағы беткейдің қарын түсірді.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматыдағы негізгі туристік аймақтың бірі – Шымбұлақ. Бұл тау-шаңғы демалыс орнына қыстыгүні туристер өте көп келетіні белгілі. Ал, ТЖД болса, дәл осы шатқалда қар көшкіні жүруі мүмкін аймақтардың көп екенін айтады.

Іле-Алатауының баурайында қар көшкінінен қауіп келетін жалпы 165 аумақ бар екен. Оның жүзден астамы «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені орналасқан Кіші Алматы шатқалында. Мұндағы қауіптің алдын алу үшін арнайы бекеттер қойылған. Бүгін жарылғыш заттың көмегімен қарының қалыңдығы 1 метрден асатын қауіпті беткейлердегі қар түсірілді.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану бөлімінің басшысы:

- Алматы қаласының таулы аймақтарында 165-ке тарта қар көшкіні жүру қауіпті аймақ бар. Біз мынау Алматы қаласының қонақтары, демалушыларының қауіпсіздігін алдын алу мақсатында бүгінгі мынау «Шымбұлақ» шаңғы-спорт кешенінде қар түсірудің алдын ала жұмыстарын жүргіздік.

Кіші Алматы шатқалында жалпы көлемі 1500 текше метр қар көшіп, қауіп аз да болса сейілді. Мұнда сәуірге дейін бірнеше жасанды жарылыстар жасалады. Айта кетейік, бір апта бұрын Үлкен Алматы шатқалында 8000 текше метр қар жасанды көшірілген болатын.

Ержан Қоспақов, «Қазселденқорғау» ММ бас инженері:

- Бүгінгі таңда Кіші Алматы шатқалында қар көшу қаупі әлі де болса бар. Сондықтан «Қазселденқорғау» мекемесі 62 арнайы бекет арқылы жағдайды бақылап отырады. Көшкіннің қаупі наурыздың соңына дейін сақталады. Туристерге қауіпті жерлер туралы үнемі ескертіліп отырады.

Қыс басталғалы бері Алатаудың адам жүрмейтін шатқалдарында 43 қар көшкіні болған. Ал, мамандардың көмегімен 106 қауіпті аймақтың қары көшті. Қалың қардан қауіп төніп тұрған Кіші Алматы шатқалындағы туристер саны да аз емес. Мұнда әзірге карантин мен қар көшкіні бойынша шектеу қойылмаған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы