Алматы облысы Қырыққұдық ауылының жұрты ауыз судан тарығып отыр

Бір жарым мың адам тұратын Панфилов ауданы Қырыққұдық ауылының халқы ауыз судан тарығып отыр. Тіршілік нәрі тәулігіне бірнеше сағат қана беріледі екен. Сол себепті тұрғындар тұрмыстық техниканы уақытылы пайдалана алмай отыр.

Ауыл шетіндегі алпыс шақты отбасы тіршілік нәрін көшедегі жалғыз колонкадан тасып ішеді. Су берілгенде бұл жерде ұзын сонар кезек болады екен. Мұндай жағдай әсіресе егде жастағылар мен Анар Сәрсенбаева сияқты көпбалалы аналарға ауыр тиіп отыр.

Анар Сәрсенбаева, Қырыққұдық ауылының тұрғыны:

- Су үшін үйде отырмын. Бала үшін емес, су үшін отырмын. Өйткені су екі сағат қана ағады алып үлгеруім керек. Төрт баланың кірін қолмен жуу бізге үлкен  проблема. Стиральный машинаға салып жуғымыз келеді. Кір машинамыз қазір зат салып қоятын шкаф сияқты.

Жергілікті халықтың осылай күн кешіп келе жатқанына 30 жылдан асқан.

«Ауыз судың тұрақты түрде берілмеуі әбден жанымызға батты», - дейді жұртшылық. 

Гүлбаршын Жұмабаева, Қырыққұдық ауылының тұрғыны:

- Мұғалімдер ертеңгі жетіден он екіге шейін алып алуы керек. Он екіден кейін өшіреді де қалған көшеге береді. Аяқ астынан бізде той томалақ болуы мүмкін. Аяқ астынан өлім деген, аяқ астынан мынандай індет кезінде біз жыбырлап су таба алмай қаламыз. Мұнымен қоймай бір адамға 150 теңгеден төлейміз.

Аида Валиева, Қырыққұдық ауылының тұрғыны:

- Душ жасайық десек, туалет орнатайық десек су жоқ.

Елді мекенге су осы мұнарадан беріледі. Нысанды жеке кәсіпкер Мұратбек Дәуежан өз басқаруына алған. Ол ауылға тіршілік нәрін тоқтаусыз беретін болса, электр энергиясына жұмсалатын қаржы көбейетінін айтады. Ал оны төлеуге ауыл тұрғындарының шамасы жете бермейді екен. Одан басқа да бірнеше мәселе бар. 

Мұратбек Дәуежан, жеке кәсіпкер:

- Бір насос ғана істеп тұр. Насос бір 4-5 сағаттан кейін демалу керек. 5-6 сағат қоса алмаймын мен оны. Оның өзі үш жүз мың теңге тұрады. 24 сағат беру үшін системаны ауыстыру керек. Резервуар, су қоймасы болуы керек.

Көптен бергі көкейкесті проблеманы біршама ретке келтіру үшін жергілікті әкімдік өкілдері су мұнарасын қоршауға ұйытқы болған. Мемлекеттік бағдарлама аясында төрт көшенің құбырын ауыстырып, қосымша ұңғыма қазған.  

Талғат Нұрмолдаев, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Қырыққұдық ауылына келетін болсақ, ол жерде жер асты суы қорының сараптамасы дайындалып жатыр. Сол сараптама шыққаннан кейін жобалау жұмыстары жүргізіледі. 

Аудандағы 42 елді мекеннің барлығы орталық ауыз су жүйесіне қосылған. Алайда құбырлар кеңестік кезеңде тартылғандықтан олардың тең жартысы жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.   

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов