Мектепке «бомба қойған» қаскөй алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Алматыда полиция қызметкерлері жарылғыш зат қойылды деген 34 мектепті тексеруді аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда тексерілген оқу орындарынан жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Айта кетейік, бүгін таңертең белгісіз қаскөй білім беру мекемелерінің электронды поштасына жарылғыш зат қойғанын жазып, 500 мың теңгені түскі үшке дейін салуын талап еткен. Болмаса, мектепті жарып жіберетінін ескерткен.

Айымгүл Иманғалиева, №19 мектептің директоры:

- Балаларды мектепке қабылдап жатқан кезде тәрбие ісінің меңгерушісінен «мектептің электрондық поштасына бір хат келіп тұр, мазмұнын сіз танысып көресіз бе» деді. Оған мектептің хатшысы хабарлаған екен. Мен жүгіріп барып хатты оқыдым. Хатта «сіздің мектептеріңізде бомба қойлыған, осы нөмірге мынандай ақша жібересіәз деп жазған. Мектептің аты көрсетілмеген. Тек қана «сіздің мектебіңізде» деп жазылған.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Полиция департаментінің жедел іздестіру қызметтерінің өкілдері қазіргі таңда бұл хабарламаны жіберген белгісіздің аты-жөнін анықтауға кірісті. Ол міндетті ұсталып, ҚК 273-бабының нормалы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде.