432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Ресей Ирикла су қоймасының жұмыс режимін талқылады

  • 339
  • UPD: 16:48, 19.03.2021
Қазақстан мен Ресей Ирикла су қоймасының жұмыс режимін талқылады

Орынбор қаласында Ирикла су қоймасының жұмыс режімін реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы аясында Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов және Федералдық су ресурстары агенттігінің басшысының орынбасары Вадим Никаноров арасында екіжақты кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Жайық өзенінің бассейніндегі су жағдайы мен гидрологиялық болжамды ескере отырып, Ирикла су қоймасының жоспарланған жұмыс кестесін талқылады, деп хабарлады ЭГТРМ баспасөз қызметі.

Жайық өзенінің ағынын жедел бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тараптар Ирикла, Ақтөбе және Қарғала су қоймаларының жұмыс режимдері туралы мәліметтермен күнделікті алмасуға келісті.

Сонымен қатар тараптар 2020 жылғы қазан айында Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан – Ресей бірлескен комиссиясының 28-ші отырысында бекітілген Жайық, Ертіс және басқа өзендердің бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша Бірыңғай жол картасының шараларын жүзеге асырудың барысын талқылады.

Талқылау нәтижесінде алдын ала зерттеу деректерімен алмасу және Бірыңғай жол картасының шараларын іске асыру бойынша одан әрі жұмыстарды анықтау үшін тараптардың сарапшыларының кездесуін жақын арада өткізу туралы шешім қабылданды.

Хабар 24 телеарнасы