Шымкенттіктер Наурыз мерекесін қалай өткізбек?

Шырайлы Шымкентте Наурыз мейрамы басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар тұрғындары көктем мерекесін жылдағы дәстүр бойынша арықтарды тазалап, айналаны жинастырып, ағаш егуден бастады. Жаңа аллеяға 100-ден астам көшет егілді. Игі шараға елімізге танымал өнер жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Мегаполиске көктемнің келгенін күлімдеген күннің өзі-ақ сездіртіп тұр. Жер көктеп, тұрғындардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Ал жасыл желек ешқашан артық болмайды. Осылайша қаладағы тағы бір аллея жаңа көшеттермен толықты.

Ал әр көшеттің жанына QR код орнатылады. Ол арқылы бұл ағашты кімнің қашан отырғызғанын білуге болады. Ең қызығы, сол адамға ай сайын «өсімдіктің күтімін ұмытпаңыз» деген хабарлама келіп тұрады.

Азамат Кеңесұлы, «АBАI TV» телеарнасының директоры:

– Шын мәнінде, Наурыздың Шымкенттен басталатынына өзім куә болып тұрмын. Өте қуаныштымын. Көктемге осындай нәр беру, әр беру, мерекеге осындай мәртебе беру менің ойымша, осы Шымкенттен басталған дәстүр әрі қарай республиканың барлық аймақтарына үлгі-өнеге болу керек деп есептеймін. 

Жалпы, пандемияға қарамастан биыл оңтүстік жұрты Әз-Наурызға тыңғылықты дайындалды. Мереке аясында санитарлық талаптарды сақтай отырып, 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Енді жыл өткен сайын мейрамның ауқымын одан әрі кеңейте береміз дейді жергілікті билік өкілдері.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің орынбасары:

– Бүкіл Қазақстан алдағы уақытта Наурыз мерекесін тойлау үшін Шымкентке келетіндей етіп өткіземіз деп отырмыз. Екіншіден, жалпы «Қазақстандағы Наурыз мерекесі» деген брендті халықаралық деңгейге шығаруға болады. Мәселен, Германиядағы Октоубефест, болмаса Рио-де-Жанейродағы карнавал, Қытайда өтетін Қытай жаңа жылына бүкіл әлемнің халқы ағылады көру үшін. Табиғи жаңа жылды, неге Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке келуге бүкіл әлемнің халқы ағылмасқа?

Ал ағаш отырғызып, «Наурыз тал» акциясына қатысқандардың барлығы Шымкенттің дәмді бауырсағы мен бал қымызынан дәм татты.

Дамир Берікұлы, Екатерина Попкова