ШҚО-да мектеп асханасында уланған оқушылар саны 85-ке жетті

Олардың барлығы да – 16 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды «Хабар 24».

36 бала ауруханаға жатқызылды. Қалғандары үйлерінде емделеді. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоаралық комиссия мәселенің-мән жайын анықтап жатыр.

Бозанбай ауылындағы бұл мектеп кешеден бері карантинге жабылды. Бірақ әдеттегідей коронавирус күдігімен емес. Мүлдем басқа дерт дендеп тұр. Бірінен соң бірі денсаулықтары нашарлаған балалар жаппай дәрігерге қаралған. Тіпті бір үйден бірнеше бала ауырған жағдай тіркеліп тұр.

Медет Қожақан, ата-ана:

– Бес балам бар, үшеуі де ауруханада жатыр. Екеуі таңертең ауырған, кеше біреуі ауырды.

Сөйтіп инфекциялық аурулар бөлімшесінде 36 бала жатыр. Барлығының ауру белгісі бірдей. Дене қызуының көтерілуі, өткір гастроэнтерит, жүрек айнуы.

Айдын Нұртазаұлы, облыстық ана мен бала орталығының эпидемиолог дәрігері:

– Инфекция бөлімшесінде 36 науқас ем қабылдауда. Барлық науқастың жағдайы қалыпты. Бүгінгі күні түскен науқастарға энтеровирусты инфекция немесе ішек инфекциясын жұқтырған деген болжам қойылған. Бактерологиялық зертханаға сынамалар алынды. Нәтижесі әлі дайын емес.

Бозанбайдағы бұл мектепте 272 оқушы бар. Балалармен қатар мұғалімдер де осындағы асханадан ауқаттанады. Бірақ улану жағдайы оқушылар арасынан ғана тіркелді.

Ардақ Бұқатова, Бозанбай орта мектебінің директоры:

– Біздің мұғалімдер де сол асханадан тамақ ішеді. Бірақ олар ауырған жоқ, балалар жаппай ауырып жатыр.

Егер кәсіпкердің кінәсы анықталса, онымен жасалған келісімшарт күшін жояды. Қазір бұл оқиғамен полиция департаменті айналысып жатыр.

Әйгерім Нұрғазина, ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

– ШҚО ПД тергеу басқармасымен ҚР ҚК 304 бабы 1 бөлімі бойынша тергеу амалдары басталды. Қазіргі бірқатар сараптама тағайындалды.

Бір қызығы, уланып түскендер арасында 3 жастағы бүлдіршін де бар. Мектепке де, асханаға да, балабақшаға да қатысы жоқ, үйде тәрбиеленіп жатқан баланың қалай уланып қалғаны әзірге белгісіз.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

ШҚО-да 82 оқушы астан уланып қалды

ШҚО-да балалардың жаппай астан улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды