БАӘ-де пандемия кезінде туристерге қандай жағдай жасалған?

Жақында Қазақстан мен Рас-Эль-Хайма арасында тікелей әуе байланысы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Шымкент, Қарағанды, Орал, Ақтөбе, Атырау қалаларынан әлемдегі ең көрікті елге еркін саяхаттауға болады. Ұшып келген әрбір мейман тегін ПТР-сынама тапсырады. Пандемия кезеңінде туристерге қандай жағдай жасалған?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Алматыдан Рас-Эль-Хайма әмірлігіне жету үшін әуеде 4,5 сағаттай ұшу керек. Ұзақ жол сияқты. Бірақ зерігіп үлгермейсіз. Керісінше, жан-жағыңызды тануға, өлке мәдениетімен танысуға, тіпті ішкі эмоцияны шығаруға мүмкіндігіңіз мол. Өйткені бұл елде қызықтың бәрі бар. Тізіп көрейік.

РАК әмірлігінің басты мақтанышы – мынадай таулар. Айналаны қоршап тұрған заңғар, биік-биік таулардан шабыт алмау мүмкін емес. Өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын боласыз. Оны әрине, өз көзіңізбен көру керек. Ал мен мына жерден байқап көрейін

Әсерленгеніміз соншалықты, Хаджар тауында орналасқан әлемдегі ең ұзын зиплайнмен төмен сырғып түскеніміз мәңгі есте қалады. 3 шақырым жолды 3-ақ минутта өту – керемет жетістік. Жалпы Рас-Эль-Хайма БАӘ-дегі тұмса табиғатымен ерекше мемлекет. Сондықтан жағажайдағы көріністі қазір ірке тұрайық. Тауларға тамсанып болсаңыз, енді маржан фермасына аттанайық. Ондағы өнімдер әлем зергерлерін сапалы таспен қамтамасыз етіп отыр. Осыдан 6 жыл бұрын бұл ферманы інжу-маржан терушілердің ұрпағы Абдулла Аль Сувейди салған. Ол осылайша, ата дәстүрді жаңғыртуды көздепті. Өндіріс тарихы жайлы бізге Обид Уллах айтып берді. Саяхатшы серігі секілдеген гидтің сөзіне сенсек, дайын маржанға қол жеткізу оңай шаруа емес.

Обид Уллах, туристік гид:

- Жыл сайын жылы мезгілде 74 мың адам маржан іздеп су кешіп кететін. Кішкентай балалар да болды арасында. Парсы шығанағында шоғырланған елдердің басты кәсібі маржан теру болған. Біз қазір сол дәстүрді жалғастырып жатырмыз. Осында он адам жұмыс істейді.

Сұңқар – араб елі үшін ерлік пен тектіліктің символы іспеттес. Сүйкімді құстар туристерге де үйреніп алған сияқты. Басына шығып алудан тайынбады. Құс қызығына куә болған саяхатшылардың көңілі шат.

Әмірлік қазақстандық саяхатшылар үшін о бастан тартымды. Қызметті еліміздегі барлық туристік оператордан алуға болады. Ал екі ел арасында тікелей әуе байланысының ашылуы игілікті еселегендей.

Максим Банин, қазақстандық туристік агенттіктің негізін қалаушы:

- Қазақстандықтар арасында Әмірліктер, Түркия және Мысыр елдері сұраныста. Ал Рас-Эль-Хайма ең қауіпсіз бағыт саналады. Бұрын мұнда Дубай арқылы ғана келе алатынбыз. Міне еліміздің бірнеше қаласынан тікелей рейс ашылып отыр. Бұл билеттің арзандауына себеп болады деп ойлаймын.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ағылып жатқан туристердің денсаулығы маңызды. Елде маскасыз жүруге тыйым салынған. Тәртіпке бағынбағандар 800 доллар айыппұл төлейді. Қонақ үйлер 70%-ке ғана толуы тиіс. Бірақ меймандарға деген құрмет кез келген жерде анық байқалып тұрды. Күн де күлімдеп, алыстан келген туристерге шуағын ерекше төгіп тұрғандай. Жалпы БАӘ-ге жыл басынан бері 11 мыңнан аса Қазақстан азаматы демалуға келген екен. Біз бірталайымен сөйлесіп, пікірін сұрадық. Бәрінің айтары бір.

РАК-ның аспаны шексіз сияқты. Суы да ерекше мөлдір. Қонақжайлылығы бір төбе. Дәл осы сипаттар болар туристерді және оның ішінде енді қазақстандықтарды да тартып отырған. Былай қарап тұрсаң, дәл осындай көрініс біздің елімізде бар. Тек оны ілгерілетуге ынта мен сапа қажеттігі даусыз.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бақытжан Досымбеков