Түркістан - Ыстамбұл бағытында алғашқы әуе рейсі орындалды

Бүгін Түркістан қаласының әуежайынан алғашқы халықаралық рейс ашылды. Түркістан - Ыстамбул бағытындағы алғашқы лоукостер санаулы минут бұрын Түркия шаһарына қонды. Жолаушылардың көңіл-күйі қалай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен жүзеге асып отырған бұл сапар күллі түркіге Ұлыстың ұлы күнінде берілген ең үлкен тарту болды десек, кем айтпаймыз. Бұл күнді дүйім жұрт көп күтті. Әсіресе Ыстамбұлдағы Бас консулдығымыз бен отандастарымыз жолаушылардың алғашқы легін қарсы алу үшін арнайы келіпті.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркістан - Ыстамбул - Түркістан қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы аптасына 3 рейспен, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері А-320 әуе кемесімен орындалады. Кейіннен рейстер саны аптасына жетіге дейін көбейту жоспарланған. Билет құны 39 999 теңгеден басталады. 

Түркістан – Ыстамбұл алғашқы рейсімен 176 жолаушы келіпті. Ыстамбұл- Түркістан бағытында да осыншама жолаушы бар. Алғашқы рейс мегаполистің жаңа Ыстамбул әуежайына қонды.

Лоукостер компаниясының айтуынша, келесі сапарлар Салиха Гөкчен аэропортынан ұшады. Арнамыз Ыстамбұл - Түркістан бағытындағы тұңғыш жолаушымен тілдескен еді.

Қамбар Омаров,  жолаушы:

- Мен өзім Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Ыстамбұлға іссапармен, Абай Құнанбаевтың ескерткішін ашуға келдім. Оны ашып, енді қайтадан ауылыма қайтып бара жатырмын. Бірақ мен осы Түркістанға барғым келді. өйткені Түркістан біздің өте абыройлы жер. Өте өзіміздің қасиетті жер. Сол қасиетті жерде Наурызды өткізіп, ары қарай Нұр-Сұлтанға ұшуға үміттендім. Мен енді осындай билет алдым. Мен бірінші жолаушымын. Бірінші жолаушы болған соң маған осындай сертификат беріп, бүкіл әлемде қайда барғым келеді маған сыйлық ретінде бара аламын. 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Күллі түркі жұрты бұл күнді асыға күтті. Себебі Анадолы халқы үшін Түркістанның, Қожа Ахмет Яссауидің орыны айрықша. Сондықтан болар жолаушылардың құрамында жасы да егдесі де бар. 

Семих Өзполат, жолаушы:

- Мұғладан қасиетті мекенге шықтым. Яссы - біздің киелі жеріміз. Яссауидің хикметтерімен өстік. Бара салып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп, шаһарды аралаймын. Бұл атажұртқа жасайтын соңғы сапарым болмайды. Тікелей рейс бар. Енді жиі-жиі сапарлаймын. 

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Пандемия кезінде Ыстамбұл Қазақстанмен байланысын үзбеген санаулы шаһарлардың бірі болды. Енді осы жаңа бағыттың ашылуымен елдеріміз арасындағы сапарлардың саны одан сайын арта түспек.