Шалғай ауылдар халқының Оралға жетуі қиындаған

Шалғай ауылдар халқының Оралға жетуі қиындаған

Батыс Қазақстан облысының ең шалғай жатқан Жәнібек пен Бөкейордасы елді мекендері тұрғындарының Оралға жетуі мұң.

10 сағаттай жол азабын тартатыны анық. Оған себеп құрылысы басталған тас жолдың салынып болуының сағыздай созылуы. Тіпті  уақытша салынған айналма жолға су жиналған. Көлкіген суды кешіп жүрген көліктердің видеолары әлеуметтік желіде көптеп таралуда.

«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы мамандарының айтуынша, қазір айналма жолдар жабылып, көліктер трассаның үстімен жүріп жатыр екен. Ал құрылыс жұмыстарына байланысты беткі қабаты сырып алынған жолдың үсті онсыз да ми батпақ. Бөкей Ордасы ауданының аумағындағы облыстық маңызға ие жолдардың кей тұстарын су жырып кеткен.

Айта кету керек, «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайхын» автожолының құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған еді. Алайда төрт бірдей мердігер салуын бастаған жол құрылысының қарқыны тым баяу.  

Садық Мұқаев, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны:

- Қазталовка районынан әрі қарай жол азабын тартып жатқан азаматтар, таксистер біршама қиындықтармен жол азабын көріп барады. Басталғанымен баяу жүріп жатыр жолдың құрылысы. Жәнібек пен Бөкейорданың халқы сол жолдың азабын әлі шегіп келе жатыр. Ол жаққа жүретін үлкен УАЗ-дармен сондай машиналар жүреді. Әлі жол тегістелмейінше халық 8-9 сағат жүріп барады.

Данияр Дүйсенғалиев, «Қазавтожол» АҚ ҰК БҚО филиалының бас маманы:

- Қазіргі таңда суды кетіру жұмыстары жүргізілуде. Жол басында қажетті техника кезекшілік жасауда. Егер де машиналар тұрып қалған кезде біздің техника көмектесіп жолдан шығарып жатыр. Жер кепкенде құрылыс жұмыстары басталады. Биылғы жылы 20 миллиард көлемінде ақша бөлінді. Бұйырса 2022-2023-те бітіруге тырысып жатырмыз. Осы өңірде теміржол торабы жоқ, жолға қажетті материалдар тапшы. Жол құрылысқа қажет шикізаттар көлікпен тасылуда. Сондықтан қиыншылықтар болып жатыр.