Таразда заңсыз үстемақы алғандар анықталды

Таразда заңсыз үстемақы алғандар анықталды

Таразда коронавируспен күреске қатысты деген желеумен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 13 қызметкері заңсыз үстемақы алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда олардың осы уақытта еңбек демалысында болғаны және эпидемияға қарсы іс-шараларға қатыспағаны анықталып отыр. Мәселен, еңбек демалысында жүрген қызметкерге 47 мың теңге артық төленген. Мұндай заңсыздықтар жыл көлемінде жалғасып, бюджеттің 1 миллион 250 мың теңгесі негізсіз шығындалған.

«Бұл дерек бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ішкі тергеу жүргізіледі», - деді мекеме басшысы. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы департаментте жанар-жағармайдың тиімсіз пайдаланылғанын да анықтады. Төрт көліктің жүрген қашықтығы есеп беру құжаттарына сәйкес келмеген. Мемлекетке келтірілген шығын сомасы миллион теңгеден асады.

Рауан Жақыпбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бас маманы:

- Мысалы, 2011 жылы шыққан Chevrolet Captiva автомобилі бойынша айтсақ, 2021 жылғы қаңтардың соңында құжат бойынша автомобильдің жүрісі 320 837 километрді құрайды. Ал 2021 жылғы 18 ақпандағы автомобильдің нақты жүрісі 290 274 километр болған. Айырмашылық 30 563 километр немесе 2 465 литр, бұл ақшалай есептегенде 352 495 теңгені құрайды.